Система Orphus

Бірінші және екінші санаттағы елдерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тоқтатылды - Е. Тоғжанов

02.03.2020, 21:54 3268

Алматы. 2 наурыз. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Е. Тоғжанов атап өткендей, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде Үкіметке нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды және жағдайды өзінің жеке бақылауында ұстап отыр.

"Премьер-Министр Үкімет отырысында бұл мәселені күн сайын қарауда. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған мәселені жіті қадағалауда ұстау мақсатында құрылған Үкіметтік ведомствоаралық комиссия тұрақты жұмыс атқарып, күнделікті қажетті шаралар бойынша нақты шешімдерді іске асырып отыр", - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 11 отырыс өткізіліп, тиісті органдарға 110-нан астам тапсырма берілді.

Сонымен қоса, вирустың таралу аймағы қысқа мерзім аралығында жылдам артқанын атап өтті. Бүгінгі таңдағы мәліметке сәйкес, вирус әлем бойынша 88,4 мың адамға жұққан, 3 мың адам қайтыс болып, 42,8 мыңнан астам адам жазылып шыққан.

Әлемде жағдайдың ушығуына байланысты, Үкімет бірқатар қосымша шараларды қабылдады.

Мәселен, ҚХР-мен жолаушылар автобусының тасымалы, жолаушылар пойызының тасымалы мен әуе қатынастары, жаяу өту тоқтатылды.

ҚХР-дан жүк тасымалын жүзеге асыратын автомобиль көліктерінің жүргізушілері үшін (27.02.2020 жағдай бойынша 22 автомашина) медициналық бақылау алгоритмі белгіленді. Бүгінде барлық жүк тасымалы тек темір жол арқылы өтеді.

"Біз шекарада барлық қажетті санитарлық шараларды қабылдадық. Қазақстан аумағына кіретін адамдарды, оның ішінде машиналарды шектеу бойынша шаралар қабылданды. Олардың ешқайсысы мұнда келмейді. Автомобиль жүк тасымалына қатысты нақты шаралар қабылданды. Соңғы тәуліктерде небәрі 10 автокөлік өтті. Яғни, біз олардың санын азайттық", - деді вице-премьер.

Е. Тоғжановтың айтуынша, бұл шаралар Қазақстан-Қытай өзара қарым-қатынастарының экономикалық құрауышына қарсы, бірақ олар қазіргі жағдайда өте маңызды.

"Экономика мәселесі - бұл аса маңызды мәселе. Алдын ала мәліметтер бойынша, тек Қытай бойынша 1%-ға дейін төмендеу күтіледі. Егер Қытайдың әлем экономикасындағы 24% үлесін ескерсек, әрине, бұл мәселе көптеген елдерге, оның ішінде Қазақстанға да қатысты болады. Алайда ауқымды экономикалық зиян шегетінімізді түсіне отырып, біз адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына нұқсан келтіруге құқымыз жоқ. Біз үшін бұл мәселенің экономикалық құрауышынан гөрі, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы маңыздырақ", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, биыл 1 наурыздан бастап Корея Республикасымен тұрақты әуе рейстерінің саны 9-дан 3-ке дейін қысқарды. 1 наурыздан бастап Иранмен жалғыз әуе рейсі тоқтатылды. 5 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан - Токио әуе рейстері 2-ден 1-ге дейін қысқартылады. 5 наурыздан бастап Әзербайжанмен әуе рейсі аптасына 15 реттен 3-ке дейін шектеледі, бұл Баку рейсімен Қазақстанға Иранға баратын Иран және Әзербайжан азаматтарының өтетіндігімен байланысты.

Сонымен қатар Е. Тоғжанов үшінші елдер арқылы бірінші санаттан азаматтардың келуі ерекше медициналық бақылауға алынғанын атап өтті. Бірінші және екінші санаттағы елдер үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру тоқтатылды.

Вице-премьердің айтуынша, қазақстандық студенттерге қатысты жақсы жағдай қалыптасқан, олардың көбісі демалыс уақытында Қазақстанда жүр. Олардың саны шамамен мың адамды құрайды. Студенттердің барлығына Оңтүстік Кореяға шықпауға кеңес берілді. ҚР БҒМ-ге орын алған жағдайды ескере отырып, аталған ЖОО-лардың басшылығымен оқыту мерзімін созу туралы келіссөз жүргізу туралы нақты тапсырмалар берілді.

Е. Тоғжанов вирусқа қарсы шараларды орындауға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Құрметті отандастар, біздің әрқайсымыз міндетті түрде өз үйімізде, жұмыс ортасында, әлеуметтік ортада вирусқа қарсы қатаң шараларды орындауымыз қажет. Бұл Үкіметтің ғана емес, әрбір отбасының, әрбір мемлекеттік органның, әрбір ұйымның жауапкершілігі", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілер арқылы таратылатын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.

"Мен осы мәселеге барлықтарыңыздан өте байыппен қарауды сұраймын және жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін тиісті жауапкершілік қарастырылғанын ескертемін", - деді Е. Тоғжанов.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны