Система Orphus

Мәжіліс парламенттік оппозиция мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

08.05.2020, 15:52 6346

Алматы. 8 мамыр. Kazakhstan Today - Мәжіліс парламенттік оппозиция мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

6 мамырда Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет Басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Олар "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға түзетулер, сондай-ақ, парламенттік оппозиция мәселелеріне қатысты заң жобасы.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, құжат жобасы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламенттік оппозиция институтын құру туралы тапсырмасымен әзірленді.

-Осыған орай, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған осы заң жобасында алғаш рет "парламенттік оппозиция" деген ұғым енгізілді. Бұл Парламент тарихында бұрын болмаған, бірақ та, уақыт талабына сай жасалып отырған өте қажетті қадам. Себебі, Парламенттік оппозиция - демократияны одан әрі нығайтуға, Парламент жұмысын дамытуға, сонымен бірге, ашық және еркін қоғамды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Сондықтан, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, осы заң аясында, тиімді парламенттік оппозиция қалыптастыру керек деп есептейміз, - деді Нұрлан Нығматулин.

Осы заң жобасы бойынша депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Түзетулерге сәйкес парламенттік оппозиция Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің хатшылары лауазымына кандидатура ұсынуға да құқылы болады. Бұл ретте, екі тұрақты комитеттің хатшылары парламенттік оппозиция ұсынған депутаттар арасынан сайланады.

Бұған қоса, құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.

Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы осы заң жобасы және оны іс жүзінде қолдану азаматтардың, жалпы алғанда қоғам мүддесі аясында жетілдіріліп отыратынын айтты.

Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы заңнамада "парламенттік көпшілік" және "парламенттік оппозиция" ұғымдарын бекіту бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз ету болып табылады.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі парламенттік оппозицияның өкілеттіктері, ұйымдастырылуы және қызметі, олардың жұмысын қамтамасыз ету "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңда, өзге де заңдарда және Парламент Мәжілісінің Регламентінде айқындалатын болады.

Мәселен, парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге кепілдік беру мақсатында заң жобасында саяси партиялар фракциялары басшыларының Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік берілген құқығын бекіту көзделеді.

Заң жобасымен парламенттік оппозицияға Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен күнтізбелік жылда кемінде бір парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, сондай-ақ парламенттік сессияда кемінде екі рет "үкімет сағаттарының" күн тәртібін айқындау құқығы беріледі.

Жалпы отырыста Палата Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын және оған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекет пен азамат арасындағы жария-құқықтық қатынастардағы дауларды шешетін әкімшілік сот ісін жүргізуді енгізу қажеттілігі көрсетіледі.

Кодекс жобасының негізгі мақсаты - азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту және билік органдарымен бірге жоғары тұрған орган мен сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.

Бүгінгі отырыста депутаттар атқарушылық іс жүргізу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіруге, мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жалақы төлемеу мәселелері бойынша берген ұйғарымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, заманауи технологияларды енгізу, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруды, жеке сот орындаушыларының тәртіптік практикасын жетілдіруді көздейді.

Осылардың қатарында бүгін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне бағытталған заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Аталған құжат тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді және өзін-өзі реттейтін ұйымдарды тұтынушылар дауларын сотқа дейінгі реттеу мәселелеріне белсенді тартуға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруын көздейді. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға және елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды енгізуге бағытталған.

Сондай-ақ, бүгін Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне және Қазақстанның шегінен тыс шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобалары. Сонымен қатар, Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттама және Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясы туралы ратификациялық заң жобалары бар.

Бүгінгі отырыста депутат Құдайберген Ержан Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қызыл су салдарынан орын алған техногенді төтенше жағдайға қатысты депутаттық сауал жолдады.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин келе жатқан Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы өскелең ұрпаққа лайықты үлгі көрсетіп келе жатқан соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет ерекше екенін айтты. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Парламент қабылдап, Мемлекет Басшысына қол қоюға жіберілген "Ардагерлер туралы" заңда ардагерлерге әлеуметтік кепілділдіктер мен жеңілдіктерді белгілейтін құқықтық нормалар алғаш рет жүйеленіп, біріктірілді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны