17.02.2021, 20:53 10340

Мәжіліс сот жүйесін жетілдіру бойынша заң жобаларын мақұлдады

"Атап айтқанда, ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгіу туралы заң жобасы, Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құруды және қазіргі мамандандырылған сот алқасын таратуды көздейді".
Нұр-Сұлтан. 17 ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасы Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған депутаттық заң жобалары мақұлданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Атап айтқанда, ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгіу туралы заң жобасы, Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құруды және қазіргі мамандандырылған сот алқасын таратуды көздейді", - деп нақтылады Мәжілістің баспасөз қызметі.

 
Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл түзету әкімшілік әділет енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ деликтер мен қоғамдық дауларды қарау бойынша сот практикасының аражігін ажыратуға мүмкіндік береді. Өңірлерде істерді бөлуге байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға уақтылы ден қою мақсатында облыстық соттардың сот алқалары Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімімен құрылады және таратылады деп көзделеді.
 
Заң жобасы Жоғарғы Сот Төрағасы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізеді, оларды Мемлекет Басшысы ұсынады.
 

Көрсетілген судья лауазымдарына сайлау үшін Республика Президенті ұсынған адамдардың негізінен жеткілікті тәжірибесі бар, тәжірибелі мамандар болып табылатындығын ескере отырып, заң жобасында олардың біліктілік емтиханынан өтуі туралы қолданыстағы ережені алып тастау және заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілінің болуы туралы талаптың күшін жою ұсынылады", - деп түсіндірді баспасөз қызметінде.

 
Сонымен қатар, бүгінгі отырыста Палата депутаттары сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 
 
Аталған заң жобаның негізгі мақсаты инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығын қайта қарастыру болып табылады. Осыған байланысты, заң жобасында Азаматтық процестік кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарға түзетулер көзделеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны