11.05.2022, 15:59 18171

Қазақстан мен Түркия Президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Түркия Президенттері келіссөз жүргізді
АНКАРА. 11 МАМЫР - Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға мемлекеттік сапары барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Келіссөздерге дейін Президент сарайында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Түркияның әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
 
Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу болды. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
 
Қазақстан Президенті бауырлас Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Шағын құрамдағы кездесу соңында Мемлекет басшысы Түркия Президентін елімізге сапармен келуге шақырды.
 
Режеп Тайип Ердоған Түркияға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын ризашылықпен қабыл алып, биыл күзде елімізге келетінін жеткізді.
 
Сонымен қатар, ресми делегациялар мүшелерінің қатысуымен келіссөз өтті. Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
 
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді, Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші отанымыз деп білетіндігімізді жеткізді.
 

Бүгінде Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста, қадірлі Режеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін. Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының "Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ" деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғанын атап өтіп, қазіргі таңда Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналғанын айтты.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достыққа, тату бауырластық пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына арнайы тоқталды.
 

Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Біз түрік инвесторларының барлық бастамасын қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен ертең Түркияның ірі инвесторларымен кездесетін болдым. Онда инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылаймыз. Кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар коммерциялық келісім-шарттарға қол қойылады. Олардың жалпы сомасы 1 миллиард доллар болмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.
 

Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз. Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін. Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын", – деді Режеп Тайип Ердоған.

 
Келіссөз барысында өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласындағы және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастыққа назар аударылды. Сондай-ақ Түркия тарапына іргелі техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға ұсыныс айтылды.
 
Сөз соңында президенттер келіссөз нәтижелерін екі ел арасындағы сан қырлы қатынастарды кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерудің бірден-бір мүмкіндігі ретінде атап өтті.
 
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
 
Сонымен бірге мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
 
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама.
 
2. Қазақстан республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
 
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім.
 
4. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тапсырма.
 
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім.
 
6. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум.
 
7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
 
8. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Республикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
 
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласы бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.
 
10. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.
 
11. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
 
12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
 
13. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
 
14. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы.
 
Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
 

Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр", – деді Қазақстан Президенті.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтайдан басталған қазақ көшінің қасиетті Анадолы топырағына жеткеніне биыл 70 жыл толғанын атап өтіп, қандастарымызды сол кездегі Түркия Премьер-Министрі Аднан Мендерес құшақ жая қарсы алғанын еске алды. Сондай-ақ жақында Алматы қаласындағы көшеге Түркияның осы бір аса көрнекті саясаткерінің есімі берілгенін айтты.
 

Түрік жұрты Қазақстанға әрдайым тілектес әрі жанашыр екенін білеміз. Мұны ұдайы сезінеміз. Бүгінгі екіжақты кездесудің нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, әскери-техникалық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша екенін айтып, қазақ-түрік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағандарын жеткізді. Сонымен қатар түрлі саладағы байланысты жаңа белеске көтеретін маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылды.
 
Президенттің пайымынша, Үкіметаралық экономикалық комиссия сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымы маңызды рөл атқарады.
 
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әлі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті.
 

Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынастарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз", – деді Түркия Президенті.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны