25.10.2022, 12:27 23626

Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Астана. 25 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Құрметті отандастар! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке", - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

 
Тоқаев жаңғырған ұлттық мерекемізге орай өңірлерде бірлігіміздің символы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтетінін атап өтті.
 

Бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Көк туымыз – егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі рәміз. Біз – байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттырады", - деді Президент.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев біз Әділетті Қазақстанды құруға кіріскенімізді атап өтті.
 

Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!... Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Ендеше Әділетті Қазақстанды бірге құрайық! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміздің егемендігі баянды болсын!" - деді Мемлекет басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны