АӨК және жер қатынастарын цифрландыру
Алматы. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - АӨК және жер қатынастарын цифрландыру
ҚР АШМ желісі бойынша
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тәуекелдерді төмендетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігі мен жануарлардың өнімділігін арттыруға, агротехнологияларды уақтылы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығын цифрландырудың негізгі міндеті - өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халыққа түрлі қызмет түрлерін көрсету кезінде электрондық форматқа көшу қажеттігін атап өтті.
Аталған тапсырманы іске асыру үшін Министрлік халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, салалық бизнес-процестерді автоматтандырды және оңтайландырды.
Мәселен, бүгінгі күні көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 94% автоматтандырылды.
Өткен жылмен салыстырғанда халыққа электрондық форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 34%-ға өсті.
Мұндай нәтижелерге салалық ақпараттық жүйелерді жаңғырту арқылы қол жеткізілді. Оларды дамыту жұмысын үнемі жалғастырып отыру қажет.
Қазақстан "Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру" ақпараттық жүйесіне деректер енгізе отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ел.
Жүйеде 35 млн астам ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген, онда 4,5 мыңға жуық ветеринария мамандары жұмыс істейді.
Профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды қоса алғанда, жануарлардың толық тіршілік циклын бақылауға арналған жүйені түрлендіру жұмысы үнемі жүргізіледі.
Жүйенің дамуын ескере отырып, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі. Мәселен, ветеринариялық паспорттарды электрондық түрде беру туралы ережені заңнамалық түрде бекітіп беру Парламентте қаралуда.
Бұл норма ветеринариялық паспорттар беруді жеңілдетіп, алуды тездетеді, мемлекеттік шығыстарды айтарлықтай үнемдейді.
Plem.kz ақпараттық талдау жүйесінде жүргізілетін мал шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты есепке алу бөлек цифрландырылды.
35 мыңға жуық пайдаланушы шығу тегін растау, селекциялық жұмыстар жүргізу және зоотехникалық оқиғаларды электрондық форматта регламенттеу мүмкіндігіне ие болды.
"E-Agriculture" бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінің функционалы есебінен бизнес-процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған рәсімдер едәуір жеңілдетілді.
Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудадағы басқа да қатысушылардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, электрондық ілеспе құжаттарды алуға мүмкіндігі бар.
Өсімдік шаруашылығында барлық 11 рұқсат беру құжаты цифрландырылды.
Мал шаруашылығы саласында 12 рұқсат беру құжатының 10-ы электрондық форматқа ауыстырылды.
Ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процесі және микрокредиттерді кепілдендіру жөніндегі комиссияның жұмысы 100% автоматтандырылды.
Бүгінгі күні барлық 16 бағыт бойынша, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 7 бағыт, мал шаруашылығы бағытында 4 бағыт және қаржы құралдары саласында 5 бағыт бойынша субсидиялау 100% автоматтандырылды.
Ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізудің әлемдік тәжірибесіне жасалған талдау агроөнеркәсіптік кешенге заттар интернетін енгізу елеулі экономикалық тиімділік беретінін көрсетеді.
Мәселен, егіншілік саласында түсімділікті арттырудың орташа көрсеткіші 10%-дан асады, қаражаттың орта есеппен алғандағы үнемделуі - 5-10% шамасында.
Өз кезегінде, мал шаруашылығында қаражаттың орташа үнемделуі 15-20% құрайды, цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу кезінде өлім-жітімнің төмендеуі және мал басының тиісінше 15 және 10%-ға артуы кезінде.
Бүгінгі таңда фермерлік шаруашылықтарды цифрландыру деңгейлері анықталды. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы бағыттарында нақты ауыл шаруашылығын енгізу жұмысы жүргізіліп, енді ол басқа жерлерге таратылуда.
Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында заманауи смарт-жүйелерді пайдалану оң нәтиже алуға мүмкіндік берді.
Мәселен, нақты егіншілік бойынша пилоттық объектілерде агрономияның жаңа технологияларын қолдану арқылы өнімді 20%-ға артық алуға мүмкіндік туды, бұл ретте фермер шығындары 15%-дан астам қысқарды.
Сондай-ақ, заманауи жабдықтарды қолдану сауылатын сүт көлемінің 20%-дан астам артуына әсер етті, туылған бұзау саны 25%-ға өсті.
Агроөнеркәсіптік кешендегі процестердің 5 жыл ішінде толықтай цифрландырылуы мынадай қосымша нәтиже береді:
- жалпы түсім 20%-ға ұлғаяды;
- еңбек өнімділігі 50%-ға артады.
Жер қатынастары бойынша ел басшылығы халықтың жер ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жер қатынастарын басқарудың базалық құралы Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болып табылады, онда жер учаскелері бойынша электрондық форматта 6,5 млн. мәлімет, оның ішінде топырақтық, геоботаникалық және ауыл шаруашылығы карталары сақталады.
Халыққа жер қатынастары саласында көрсетілетін электрондық мемлекеттік қызметтердің 15 түрінің 12-сі осы жүйе арқылы көрсетіледі.
Жер қатынастары саласындағы өзекті проблемалардың бірі жер учаскесін алу кезіндегі кезекке қоюды тәртіпке келтіру болып табылады. 2021 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жер учаскесін алу үшін кезекке қоюды автоматтандыруды аяқтау жоспарлануда.
Бүгінгі күні жерді цифрландыру мәселелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
2020 жылдың соңына дейін 26 млн га алаңда топырақтық, 25 млн га алаңда геоботаникалық, 6,5 млн га алаңда ауыл шаруашылығы карталары әзірленетін болады. 2021-2022 жылдары топырақтық және геоботаникалық карталармен қамтуды 40 млн гектарға дейін, ауыл шаруашылығы карталарымен қамтуды 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу шеңберінде цифрлық ауыл шаруашылығы карталарымен бүкіл көлемді қамту жоспарлануда.
Мемлекет басшысының жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Жерді қашықтықтан зондтау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі пилоттық жоба жүргізілуде.
2020 жылы пилоттық өңірлер ретінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары айқындалды.
Мәселен, пилоттық өңірлерді ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңінің деректері бойынша 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталды, оның ішінде 2,6 млн га жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 5,7 млн га жер иелеріне бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді.
Осы жобаны жүргізу барысында министрлік жерді ұтымсыз пайдалануды айқындау әдіснамасын одан әрі жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пилотқа және оның нәтижелеріне талдау жүргізуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік жер қатынастары саласында цифрландыру және дамыту мәселелері бойынша заң жобалау жұмыстарын жүргізуде, олар жер берудің қазіргі тәртібін цифрлық технологияларды енгізу жолымен тұжырымдамалық түрде өзгергуді көздейді және тікелей беру жолымен және сауда-саттық жүргізу арқылы жер учаскелерін берудің электрондық тәртібін айқындайды.
Бұл ретте, қағазсыз қызмет көрсету, коммуналдық қызметтермен жер учаскелерін беруді келісу рәсімін автоматтандыру енгізілетін болады.
Заң жобасы мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісілді, сондай-ақ ол бойынша ғылыми (құқықтық және экономикалық) сараптамалар алынды.
Заң жобасын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі одан әрі қарау үшін Парламентке жолдады.
ҚР ЦДИАӨМ желісі бойынша
Цифрландыру шешімдерін енгізу үшін әрине тиісті инфрақұрылым қажет.
Цифрлық "ақылды" құралдарды, өлшеу құралдарын және басқа да датчиктерді қосу үшін ақпаратты тасымалдау негізгі мәселе. Бұл жұмыстың аясында спутниктік технологиялар және стандарттарды қолдану бойынша пилоттық жоба жүргізілді.
Осы технологияларды ауыл шаруашылығы кешендерінің барлығына жеткізу біздің бес жылға қоятын басты мақсатымыз. Ол 101 млн га жер көлемі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы ретінде 50 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген.
Қажетті байланыс құрылғылары мен қызметтер шығындарын субсидиялау механизмін енгізге мүмкіндік береді.
Жер қатынастары бойынша. Басты үш проблема бар.
Ең бастысы, ол ұзақ және күрделі процестер.
Екіншіден, жер учаскелерінің шекараларының сәйкессіздігіне байланысты көптеген шағымдар келіп түсуде.
Және әр өңірде аудан деңгейіне дейін 200-ден астам дерек қорлары бөлек пайдаланылуда. Ол ақпараттық қауіпсіздік және адами фактор тәуекелдеріне әкеледі.
Қазіргі таңда көптеген координаттық жүйелер қолданылуда. Ал картографияның, геодезияның, навигацияның негізгі жетістіктерін пайдалану үшін бізге қазақстандық координаттық жүйе қажет.
Осы мақсатта "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы" жобасын 2024 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, жер саласында есептік кадастрының екі түрі қолданылуда, ол 200-ден астам Жер кадастрлары мен "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" деректер қоры. Жер учаскесі, техникалық сипаттамасы, оның иесі туралы және тағы басқа ақпарат осы екі кадастрда қайталанып тіркеледі.
Оларды біріктіру - жер қатынастары бойынша процестерді автоматтандыру, құжаттар саны мен қызметті көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" жобасы іске асырылуда.
Жылдың соңында техникалық жұмыстарды аяқтау және келесі жылы іске қосу жоспарлануда.
Жобаны іске асыру нәтижесінде "Техникалық жағдайы бар жер учаскелерін ұсыну" қызметін онлайн форматта Ақтөбе облысы бойынша пилоттық режимде іске қостық.
Жаңа процесті мүлдем өзерттік. Жер учаскесін Ашық кадастрлық карта арқылы онлайн түрде таңдауға болады. Өтініштен бастап бұйрық, әкімнің шешімдері, түрлі актілер мен келісімшарттар, барлық құжаттар электрондық форматта рәсімделеді.
Пилот шеңберінде Ақтөбе қаласының 2 жер учаскесі электрондық түрде саудалық алаңға шығарылған.
Тағы бір мәселе, ол құрылыс кезінде инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттарды алу қызметі.
Осы процестердің қиындығы мен ұзақтығы бөлінген жерді уақытылы игеруге мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, инфрақұрылым жөніндегі ақпараттың құпиялық шектеулері бар, цифрлық түрде толықтырылған жоқ. Осының салдарынан газ, жылу, электр, сумен қамтамасыз ету бойынша магистралдық желілер туралы ашық ақпарат қолжетімсіз.
Инженерлік коммуникацияларды, Бас жоспарлардың бекітілген схемаларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын цифрландыру нәтижесінде инженерлік коммуникацияларды одан әрі сапалы дамыту мен жоспарлауға мүмкіндік береді. Жалпы, құрылыс саласында инвестициялар санын арттырады.
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жобасы шеңберінде әкімдіктер әр өңірдегі түрлі қорғау орындарының, қала құрылыстарының және тағы басқа шекаралары, ғимараттар, көлік желілері, инженерлік коммуникация деректерімен алмасу үшін сәйкес геоақпараттық жүйелерін әзірлеуде.
Қазіргі таңда геопорталдардың толтырылуы тек Алматы, Ақтөбе және Атырау облыстары бойынша 85%-дан асты.
Қажетті деректермен толықтыру және Бірыңғай мемлекеттік кадастрымен, "Электрондық үкіметтің" порталымен ықпалдастыру арқылы автоматтандырылған процесті одан әрі басқа қызметтер бойынша таратуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты барлық әкімдіктерге осы жұмысты және ықпалдастыруды жылдамдатып аяқтау қажет.
"Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке қою" қызметін алсақ, қазір ол үшін азамат қағаз түрінде өтініш беру қажет.
Кезекте тұрғандар және алаңдары дайын жер учаскілері туралы ақпарат тоқсанына бір рет жаңартылады және ол ақпарат әр өңірде түрлі түрде қолжетімді. Бірыңғай автоматты түрде жаңартылатын электрондық кезек тізілімі жоқ.
Әрине осындай процестер жемқорлық қауіптерін тудыруы мүмкін және заманауи кезеңге сай келмейді. Ол үшін қызмет көрсету процесін Бірыңғай мемлекеттік кадастры мен "Электрондық үкіметтің" порталы арқылы автоматтандыруды және Бірыңғай электрондық кезек тізілім құруды ұсынамыз.
Осы жобаларды сапалы орындау елімізде жер қатынастары саласында бірқатар нәтижелерге әкеледі:
1.Қызмет берушілерге тікелей жүгіну қажет болмайды;
2.Қызметтер көрсету мерзімдері мен құжаттар саны қысқарады;
3.Цирфлық бақылау және жерді ұсыну процестерінің ашықтығы;
4.Жер алуға кезектің бірыңғай электрондық тізілімі.
ҚР ИИДМ желісі бойынша
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Министрлік мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсарту жұмысын жүргізіп келеді.
Инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілер азаматтарға теңдей қолжетімді болуы үшін шаралар қабылдап жатырмыз.
"Кедергісіз орта" қалыптастыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, инфрақұрылымдық даму бойынша жол картасын бекітіп, іске асыра бастадық.
Министрлік жетекшілік ететін салаларда келесі жұмыстар атқарылды.
Құрылыс саласында
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында заңнамаға түзетулер енгізілді.
Қазіргі нормативтік база мүгедектігі бар жандарға қолайлы орта құруға қажетті барлық талапты қамтиды.
Атап айтқанда, елді мекендер құрылысына, оның ішінде: көлік тұрағына, жүргіншілер жолдарына, пандустар мен баспалдақтарды қоса алғанда ғимараттарға кіретін есіктерге, лифтілерге және жалпы пайдалану орындарына қойылатын талаптар белгіленген.
Салынып жатқан барлық жаңа тұрғын үйлер мен объектілер сол талаптарға сай болуы тиіс.
Жобалау мен құрылыстың барлық кезеңінде стандарттар сақталуы керек.
Ескі объектілер қолжетімді орта талаптарына сәйкестендіріледі.
Қазір жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін паспорттауды жүргізіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша 34 279 объектіні паспорттау жүргізілді.
Мониторинг нәтижесі 24 939 объект (97,9%) қолжетімді ортаға бейімделгенін көрсетті.
Өңірлер арасында ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (85,7%), Алматы қаласында (96,5%) және Маңғыстау облысында (97,3%) байқалады.
Заңнамалық талаптарды тікелей іске асыруды және олардың сақталуын бақылауды жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиісті аумақта іске асырады.
Осыған байланысты әкімдіктер кедергісіз ортаны қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуына бақылауды күшейтуі қажет.
Азаматтық авиация саласында
Азаматтық авиация саласында инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсетуге барынша бейімделген және үнемі жетілдіріліп отырады.
Өтініштерді талдау негізінде мүгедек адамдарды тасымалдау рәсімдерін оңайлаттық.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасымалдау стандарттарының сақталуын үздіксіз қадағалайды.
Теміржол көлігі саласында
2022 жылдың соңына дейін арнайы вагондардың жетіспеушілігі проблемасын толық шешу жоспарланған.
Алдымызда мүгедек жандарды тасымалдауға арналған мамандандырылған вагон купелер санын 98-ден 122-ге дейін жеткізу міндеті тұр.
Бүгінде барлық поездарда мүгедектер арбалары бар және жүріп-тұруы шектеулі адамдарды отырғызу және түсіру кезінде көмек көрсетіледі.
Поезд бригадаларының барлық қызметкерлері арнайы оқытылды және жүріп-тұруы шектеулі және ментальды ауытқуы бар жандарға көмек көрсетуде тәжірибелері бар.
Жолаушылар поездарына билеттерді жеңілдікпен сатып алуға бар жағдай жасалған.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда барлық топтағы мүгедектер үшін 50%, ал "Тұлпар-Тальго" коммерциялық поездарында билет құнынан 70% жеңілдік беріледі.
Биыл маусым айынан бастап, bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеңілдікті билеттерді онлайн рәсімдеу жаңа қызметі енгізілді. Сол арқылы билеттерді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады.
Сондай-ақ билеттерді сату жүйесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың дерекқорымен интеграциялау жұмысы жүргізілуде.
Теміржол вокзалдары
Қазір барлық 99 вокзал мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына толық сәйкес келеді.
Биыл "Қазақстан темір жолы" баспалдақтармен қозғалуға арналған индукциялық панельдер мен көтергіш құрылғылар орнатты.
Жергілікті атқарушы органдарға қарасты 7 теміржол вокзалы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.
Вокзалдарды жаңғыртуға шамамен 800 млн теңге қаражат қарастыру қажет.
Осыған байланысты әкімдіктер қаржыландыру көздері мен тетіктерін анықтау жұмысын күшейтуі тиіс.
Автомобиль көлігі саласында
Бүгінгі таңда елімізде 33 автовокзал мен 114 автостанция жұмыс істейді.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 32 автовокзал (89%) және 98 автостанция (86%) мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік талаптарына сай.
Қалалық бағыттарда қызмет көрсететін 10 623 автобустың тек 30% (3 204 бірлік) қажетті талаптарға сай келеді.
Биыл өңірлер 23,7 млрд теңгеге өз елімізде шығарылған 585 автобус ("Сарыарқапром" ЖШС, "СемАЗ" ЖШС) сатып алды.
Барлық жаңа автобустар қолжетімділк талаптарына сай келеді.
10 өңірдің 9-ында мүгедек жандар үшін автобус паркінің қолжетімділік көрсеткіші 10%-дан төмен.
Министрліктің бұйрығымен өңірлерде жергілікті бюджет есебінен өтеусіз қызмет көрсету тәртібі регламенттелді.
Өңірлерде 119 инватакси қызметі жұмыс істейді. Олардың автопаркі 375 көліктен тұрады.
Бүгінгі таңда Министрлік заңнамалық деңгейде шаралар қабылдады. Олар мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның негізгі қағидаттарына сай келеді.
Импортты алмастыру аясында "Тыныс" кәсіпорны электр және механикалық жетегі бар отандық мүгедектер арбасын шығаруды жолға қойды.
Өндірістің жылдық көлемі 5 мың арба. Яғни, 2025 жылға қарай 25 мың арба шығарып, ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтей алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен электр жетегі бар 1 381 арба жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңге.
Ммүгедек жандардың толыққанды және белсенді өмірін қамтамасыз етуі үшін нормативтік базаны жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

