05.05.2020, 17:03 5135

А. Мамин Түркістан облысындағы жағдай туралы: Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді

А. Мамин Түркістан облысындағы жағдай туралы: Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді

Алматы. 5 мамыр. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына қатысты мәселе қаралды.

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев баяндама жасады.

Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бір бөлігі жарылып, су қоймасындағы су деңгейін төмендету үшін суды ағызу салдарынан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторлары суға толтырылды. Судың ағып кетуінің салдарынан Мақтаарал ауданының шекарасындағы коллектордан су төгіліп, 5 елді мекендегі 631 үйді су басты: Жаңа Тұрмыс - 46 үй, Жеңіс - 130 үй, Фирдоуси - 250 үй, Өргебас - 194 үй, Достық - 11 үй. Мақтаарал ауданында 3 600 га егіс алқабы зардап шекті, оның 85%-ы мақта егуге арналған. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы саны 30 581 адамды құрайтын 14 елді мекен эвакуацияланды.

ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен Премьер-Министрдің орынбасары Р. Склярдің төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылды, оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.

"Комиссия бес ауылда - Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл бағалау жүргізіп, одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді", - деді А. Мамин.

Жұмыспен қамтудың жол картасында 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба қамтылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелері қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев баяндама жасады.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 6,5 мыңнан аса инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген, олар әлеуметтік объектілерді, инженерлік-көлік инфрақұрылымын, суару және ирригациялық жүйелерді, тұрғын үй-коммуналдық объектілерін жөндеу мен салуға, елді мекендерді абаттандыруға қатысты. Осының арқасында 255 мың жұмыс орны құрылады.

Жалпы, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, оның ішінде 235 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Премьер-Министр Үкімет үшін бүгінгі таңда басты басымдық тұрғындардың жұмысын сақтау екенін атап өтті. Бұл ретте жұмыспен қамту және халықтың экономикалық белсенділігін сақтаумен қатар, инфрақұрылымды жақсарту ел экономикасын қалпына келтіруде жақсы нәтиже береді.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жобаларды іске қосуды бастау қарқыны жақсы екенін атап өтті. Қызылорда облысы, Алматы және Шымкент қалалары артта қалып келеді.

"Өңірлердің әкімдіктеріне инфрақұрылымдық жобаларды толық іске асыруды бастауды, оның ішінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің негізгі көлемінің отандық болуын тапсырамын. Барлық бөлінген қаражат экономикаға жұмыс істеуі тиіс", - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға жұмыспен қамту бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ал Еңбек министрлігіне Жұмыспен қамтудың жол картасының, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру және халықты жұмысқа орналастыру тұрғысынан басқа да мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны