09.06.2023, 10:18 20291

Ақтауда төтенше жағдай режимі кемінде 30 күнге созылады

Төтенше жағдай 30 күнге жарияланды, дегенмен қажет болған жағдайда тағы созылуы мүмкін
Ақтауда төтенше жағдай режимі кемінде 30 күнге созылады
Бүгін қалалық әкімдікте Каспий теңізінің тартылуына байланысты жарияланған төтенше жағдайға қатысты брифинг өтті, деп мәлім етті қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінен.

Брифингте Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмут Шагирбаев, "МАЭК" ЖШС директорының орынбасары Аян Уйкекбаев және қалалық ТЖБ басшысы Жандос Кенжебаев БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.

«Жарияланған төтенше жағдайдың уақыты нақты белгісіз. Төтенше жағдай 30 күнге жарияланды, дегенмен қажет болған жағдайда тағы созылуы мүмкін»,- деді Ақтау қалалық ТЖБ басшысы Жандос Кенжебаев.

Қала әкімінің орынбасары Имаммахмут Шагирбаевтың айтуынша, ОСЖТ-2 және ОСЖТ-3 арасындағы құбырда ақау пайда болуына байланысты, 6.06.2023-7.06.2023 қараған түні және 7.06.2023-8.06.2023 қараған түні ауыз суда шектеу болды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, су қалыпты қысыммен берілуде. Бұл оқиғаның жарияланған жергілікті төтенше жағдайға  қатысы жоқ.

«Қазіргі уақытта жергілікті ауқымдағы комиссия шешімімен төтенше жағдай жарияланды. Теңіздің тартылуына байланысты қаланы сумен қамтамасыз ететін 2 нысанға су жеткілікті мөлшерде келмеу қаупі бар.  Жергілікті дәрежедегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай – қаладағы болашақта болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу, ескерту мақсатында жарияланды. Сондықтан су қысымының төмендеуі жарияланған ТЖ-ға қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл шешім "МАЭК" ЖШС жұмысына әсер етпейді. Тұрғындарды электрмен және сумен жабдықтау штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр»,- деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмут Шагирбаев.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны