01.04.2014, 20:11 3358

И. Жақсыбеков ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесіне қатысты

Бүгін Тәжікстан Республикасының Қайраққұм қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің Кеңесі болып өтті.

Алматы. 1 сәуір. Kazakhstan today. Бүгін Тәжікстан Республикасының Қайраққұм қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің Кеңесі болып өтті.

Жиында Ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары 2013 жылғы ынтымақтастық шараларын қорытындылап, әскери ведомстволар арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, деп Қорғаныс министрлігінде хабарлады.

Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков, Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Чан Ваньцюань, Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиев, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Шерали Мирзо, Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Баходир Тошматов қатысты.

"Бүгінгі Кеңес Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылдардың жалпы контексінде маңызды рөл ойнайды. Орталық Азияда өңірлік қауіпсіздіктің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ШЫҰ соның маңызды компоненті болып табылады. Біздің ұйым ортақ мүдделерімізге жауап беретін ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынасты, ашық үнқатысуды белсенді дамытуға қызмет етеді", - Иділбек Жақсыбеков деді.

Ол Орталық Азия өңірінің бүкіл әлем сияқты күрделі кезеңді бастан кешіп отырғанын да атап өтті. Бұл ретте Ауғанстандағы жағдайдың айрықша маңызға ие екені мәлім. Биыл халықаралық коалициялық күштер жүргізіп жатқан операциялардың шешуші кезеңі аяқталады. Осы елдің аумағында экстермистік элементтердің бой көтеру қаупі бар.

"Қазақстан Орталық Азия елдерінің аумағына еніп, жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін деструктивті элементтердің осы аймақта қарқын алуына алаңдаулы. Ирине, Ауғанстан проблемасын шешу ең алдымен ауғандықтардың өз қолында. Алайда, біз Ауғанстанға халықаралық күштер шыққаннан кейінгі туындайтын қауіп көзімен ғана қарамауымыз керек. Бұл елге көмек қажет. Қазақстан өз тарапынан Ауғанстанға әлеуметтік, білім беру бағдарламалары және жобалар арқылы гуманитарлық жәрдем көрсетуді жалғастыра береді", - Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы деді.

Ол, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің сеператизмге, экстремизмге мен терроризмге қарсы күрестегі бірлігін көрсететін "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуын өткізудің өзектілігі артып отыр. Биыл Қытай Халық Республикасында өтетін кезекті оқу-жаттығу бұл пікірді тағы да нақтылай түседі деді.

Бүгін министрлер "Бейбіт миссия-2014" бірлескен әскери террорға қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуге дайындық барысын талқылап, бірлескен іс-шараларды жүргізуді үйлестірді.

Кеңестің қорытындысы бойынша ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Бірлескен коммюникеге қол қойды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны