23.09.2015, 10:34 4565

Абай Тасболатов Мәжілістіӊ вице-спикері болып тағайындалды

Бүгін Мәжілістіӊ жалпы отырысында төменгі палата депутаттары Мәжіліс төрағасыныӊ орынбасары қызметіне Абай Тасболатовты лайық деп тауып, оныӊ кандидатурасына бірауыздан қолдау танытты

Астана. 23 қыркүйек. Kazakhstan Today - Бүгін Мәжілістіӊ жалпы отырысында төменгі палата депутаттары Мәжіліс төрағасыныӊ орынбасары қызметіне Абай Тасболатовты лайық деп тауып, оныӊ кандидатурасына бірауыздан қолдау танытты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"ҚР Конституциясыныӊ 58-бабыныӊ 3-тармағыныӊ 3-тармақшасына сәйкес Мәжіліс төрағасыныӊ орынбасарын палата төрағасы ұсынады. Сондықтан "ҚР Парламенті және оныӊ депутаттарыныӊ мәртебесі туралы" конституциялық заӊныӊ 9-бабыныӊ 8-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісі төрағасыныӊ орынбасары қызметіне Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов Бөлекбайұлыныӊ кандидатурасын ұсынып отырмын", - деді Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов, деп хабарлайды strategy2050.kz тілшісі.

"Бұл кісіні барлығыӊыз жақсы білесіздер. 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Николаевка ауылында дүниеге келген. Кішкентай лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін өскен жігіттердіӊ бірі", - деген Мәжіліс төрағасы осы шешімді дауысқа салды.

Абай Тасболатовтыӊ кандидатурасына қатысып отырған депутаттар бірауыздан қолдау танытты.

"Сіз дана шешім қабылдап отырсыз, еӊ бастысы нақты шешім. Абай Бөлекбайұлын бәріміз сыйлаймыз. Өзіӊіз айтқандай, лейтенанттан генерал-лейтенатқа дейінгі жолды өтті. Парламенттіӊ тарихында генерал вице-спикер болған емес. Сондықтан екі қолдап қолдаймыз", - деді сөз алған депутат Мұхтар Тінікеев.

Өз кезегінде Абай Тасболатов өзіне артылған сенімді ақтауға күш салатынын жеткізді.

"Елбасы, Жоғары Бас қолбасшыныӊ сенімін ақтаймын. Құрметті төраға, әріптестер, қолдағандарыӊызға рахмет айтамын. Алдыма қойған міндеттерді орындаймын", - деді Тасболатов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс төрағасыныӊ орынбасары қызметін атқарған Дариға Назарбаева ҚР Премьер-министрініӊ орынбасары болып тағайындалды. Өткен аптада депутаттар Д.Назарбаеваны қошемет көрсетіп, шығарып салған болатын.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны