19.03.2010, 15:15 3886

Аблязов Қазақстандағы сот алдында жауап береді - Қожамжаров

Аблязов Қазақстандағы сот алдында жауап береді - Қожамжаров

Астана. 19 наурыз. Kazakhstan Today - Аблязов Қазақстандағы сот алдында жауап береді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Біз оны Қазақстанға қайтарамыз, ол өзінің іс-әректтері үшін соттың алдында жауап береді",- деді Қ.Қожамжаров.

"Заңгер ретінде мен М. Аблязов сот алдында жауап беруі керек деп санаймын. Себебі ол өзгелерді, салық төлеушілерді алдап жүр немесе мемлекет қаржысын жымқырды деген айып таға отырып, өзі осындай әрекеттерге барды", деді Қайрат Қожамжаров.

"Ол өзге елдерден саяси баспана табу үшін және қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін отынымызға "қара күйе жағуда". Мен оның айыптауларын ешқандай негізсіз деп білемін", деді агенттік төрағасы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның Бас прокуратурасы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) "Самұрық - Қазына" ҰИАҚ АҚ басқармалары төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевқа қатысты М. Аблязовтың мәлімдемелерін жіберді.

Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы бүгін мәлімдегендей, "Мұхтар Аблязовтың "ҚазМұнайгаз" ҰК АҚ мен "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ компанияларының жекелеген активтеріне қатысты сауда-саттықтардың заңсыздығы туралы Тимур Құлыбаевқа қатысты мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ. Тексеру нәтижесі бойынша Құлыбаевтың және басқа да лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы процессуалдық шешім қабылданды",- деді Қ.Қожамжаров.

Сондай-ақ, қаржы полициясының басшысы бүгін Мұхтар Аблязовқа қарсы Ресейде жаңа қылмыстық істер қозғалғаны туралы ақпаратты растады.

"Мен бұл ақпаратты растаймын", - деді ол журналист сауалына берген жауабында.

"КоммерсантЪ" газеті бүгін хабарлағандай, Мәскеудің Тверь аудандық соты кеше Қазақстанның "БТА Банкі" Ресейде түрлі жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде Мәскеу түбінде бүтін бір қала салуға арнап несие ретінде бөлген 2 млрд доллар көлеміндегі қаржыны ұрлауға атсалысқан күдіктілер ретінде "Евразия Логистик" компаниясының басшыларын тұтқындады. "РФ ІІМ жанындағы Тергеу комитетінің пайымдауынша, ұрлықты "БТА Банктің" директорлары кеңесінің бұрынғы төрағасы, қазір Қазақстан іздестіріп жатқан М. Аблязов ұйымдастарған. Енді Аблязовқа қарсы Ресейде де алаяқтық туралы іс қозғалды", - деп жазады басылым.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны