19.03.2010, 13:14 2953

Аблязовтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ - қаржы полициясы (толық нұсқасы)

Аблязовтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ - қаржы полициясы (толық нұсқасы)

Астана. 19 наурыз. Kazakhstan Today - Аблязовтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Аблязовтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ деп айта аламын. Сол себепті қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды",- деді Қ.Қожамжаров.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Аблязовтың атынан келіп түскен, үлестерді сатып алуға, мемлекет мүлігі мен 15 кәсіпорынның, атап айтқанда, "Маңғыстаумұнайгаз", "Казахстан ПетроКемикал Индастриз", "СНПС-Ақтөбемұнайгаз", "Барлау өндіру "Қазмұнайгаз" акционерлік қоғамдары, "ҚазМұнайГаз-Тельф", "ТенизСервис", "Ақсайгазсервис", "ҚазТрансКом", "Эмбаведьойл", "ҚазСтройСервис", "Казахстанкаспийшельф", "СП Тенге", "Гюрал", "ҚарақұдықМұнай", "СП Арман" кәсіпорындарының профильді және профильді емес активтерін бөліп алуға қатысты жасалынған заңсыз келісім-шарттар жөніндегі арыздары қаралды.

Осыған ұқсас арыздар агенттікке Бас прокуратурадан, Есеп комитетінен, Ішкі істер министрлігінен және Қаржы министрлігінің Салық комитетінен келіп түсті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 183-бабына сәйкес көрсетілген арыздар агенттікте ағымдағы жылғы 3 ақпанда тіркелді.

"Аблязов өзінің арыздарында азамат Құлыбаевты лауазымдық өкілеттігін пайдалана отырып, мемлекет мүлігін төмен бағамен сатқандығы және өзінің мекемелерінің акцияларын "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына көтеріңкі бағамен сатты деп айыптайды".

"Агенттік Аблязовтың арыздарында көрсетілген барлық мән-жайларға толығымен тексерді. Тексеріске тиісті бас лицензиялары бар тәуелсіз қазақстандық "САН аудит", "Бизнес-Консалтинг" бағалау компаниялары қатысты, және халықаралық инвестициялық "Кредит сьюс" "РБС Корпарейт Файнанс" банк консорциумдарының бағалау материалдары пайдаланылды. Жоғарыда аталған 15 кәсіпорын активтеріне қосымша сараптамалық бағалау жүргізілді",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Мемлекет акцияларын сату және сатып алуды жүргізген кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар басшыларының арасынан 60-тан аса лауазымды тұлғадан түсініктемелер алынды. Аблязовтың арызында көрсетілген бір де бір факт дәлелденбеді. Аблязовтың келтірген фактілерін мамандар өз қорытындыларымен, сондай-ақ жыл сайын халықаралық жетекші компаниялармен жүргізілетін аудитпен теріске шығарды. Мамандардың қорытындылары бойынша Аблязовтың арызында көрсетілген фактілер негізсіз және дәлелсіз болып табылады".

Тексеріс аталған келісім-шарттардың сол кездегі нарық жағдаймен, сұраныс пен ұсыныстар, бағалар серпі, шикізат қорлары, ұлттық компанияның қаржылық жағдайы, оның әлемдік қор биржаларына шығу мәселелерін шешу үшін жасалғанын көрсетті. Көрсетілген шаралар жүргізу кезінде қазақстандық заңдармен қоса халықаралық стандарттар сақталынған.

"Аблязов өзінің арыздарында жасалған келісім-шарттардың толық мән-жайын ашып көрсетпей, тек өзіне пайдалы кейбір құжаттарды ғана көрсеткен",- делінген қаржы полицясының хабарламасында.

Қаржы полициясының хабарлауынша, "Аблязовтың сату және сатып алуға Құлыбаевпен аффилиирлік байланыстағы мекемелері қатысты деген сөздерінде ешқандай негіз жоқ және ол шындыққа сәйкес келмейді".

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Ұлттық компанияның акциялары мен облигациялары сату ашық жүргізілген. Тексеріс кезінде, 2006 жылғы қыркүйек айында Аблязовтың , оның жұбайы Аблязованың "БТА Банк" қаражатын ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша сіздерге танымал Солдоченко, Жарымбетовтың "Қазмұнайгаз" акцияларын бірнеше рет сатып алғандығы анықталды. Бұл сату операцияларының ашық жүргізілгендігін көрсетеді. Тексеріс шараларының заңдылығын қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырады".

"Тексеру нәтижесі бойынша Құлыбаевтың және басқа да лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы процессуалдық шешім қабылданды",- деді Қ.Қожамжаров.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның Бас прокуратурасы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) "Самұрық - Қазына" ҰИАҚ АҚ басқармалары төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевқа қатысты М. Аблязовтың мәлімдемелерін жіберді.

"Иә, біз бұл мәлімдемелерді қабылдадық. Олар ақпанның 8 мен 15 күндерімен белгіленген мәлімдемелер. Біріншісі сияқты, бұл мәлімдемелер де қаржы полициясына жіберілді. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұған дейін басталған тергеу алдындағы тексерістер аясында қарастырып жатыр", - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Еске сала кетейік, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) Мұхтар Аблязовтың "Самұрық - Қазына" ҰИАҚ АҚ басқармалары төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевқа қатысты мәлімдемесін тергеу алдындағы тексеруден өткізуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today қаржы полициясының баспасөз орталығына сілтеме жасап.

"Мұхтар Аблязовтың "ҚазМұнайгаз" ҰК АҚ мен "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ компанияларының жекелеген активтеріне қатысты сауда-саттықтардың заңсыздығы туралы мәлімдемесі ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінде заңмен белгіленген тәртіп бойынша тіркелген және қазіргі қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес оған қатысты тексеру жүргізілуде", - деп хабарлайды баспасөз орталығындағылар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны