01.04.2009, 16:37 3710

Абу Дабиде Астана қаласында "Абу Даби Плаза" кешенінің құрылысы жөніндегі өзара түсіністік туралы және Қазақстанда "Аль-Хиляль" Ислам банкін ашу туралы меморандумдарға қол қойылды

Абу Дабиде Астана қаласында "Абу Даби Плаза" кешенінің құрылысы жөніндегі өзара түсіністік туралы және Қазақстанда "Аль-Хиляль" Ислам банкін ашу туралы меморандумдарға қол қойылды

Астана. 1 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Абу Дабиде Астана қаласында "Абу Даби Плаза" көпфункционалды кешенінің құрылысы жөніндегі өзара түсіністік туралы және Қазақстанда "Аль-Хиляль" Ислам банкін ашу туралы меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 31 наурызда Абу Даби қаласында (БАИ) Астана қаласында "Абу Даби Плаза" инвестициялық жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында "Аль-Хиляль" бірінші ислам банкін ашуға қатысты мәселелерді шешу және жұмысты үйлестіру жөніндегі Қазақстан - БАИ жұмыс тобының келіссөздері аяқталды.

Бұл жұмыс тобы ҚР президенті Н.Назарбаевтың 2009 жылдың 16-17 наурызында Біріккен Араб Имірліктеріне жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру үшін құрылған.

Астана қаласында "Абу Даби Плаза" көпфункционалды кешен құрылысы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға индустрия және сауда министрінің орынбасары Еділ Мамытбеков пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов қол қойды. Имірлік тарапынан құжатқа "Алдар Пропертиз" компаниясының атқарушы директоры Джон Буллу қол қойды.

Меморандуға сәйкес, "Алдар Пропертиз" компаниясы кешенді тұрғызуға қатысты құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың шілде айында бастауға міндеттеме алады. Өз кезегінде қазақстандық тарап бұған қажетті жағдай жасайды.

"Абу Даби Плаза" кешенінің жалпы аумағы 510 мың шаршы метр, жобаны 2014 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан асады.

88 қабатты кешен Орталық Азиядағы ең биік және әлемдегі биіктігі жағынан 14-ші ғимарат болады. Жобада төрт жұлдызды қонақ үй, кеңсе және сауда алаңдары, 4100 автокөлікке арналған тұрақ, сондай-ақ, "люкс" дәрежелі апартаменттер мен тұрғын пәтерлер құрылысы қарастырылған.

Келіссөздердің келесі маңызды қорытындысы Қазақстанда "Аль- Хиляль" Ислам банкін ашу мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды.

ҚР қаржы министрінің орынбасары Руслан Дәленов пен "Аль-Хиляль" банкінің басқарма төрағасы Ахмед аль- Мазури қол қойған меморандум ережелеріне сәйкес, банк Қазақстан Республикасының аумағында өзінің қызметін қазақстандық заңдылыққа және ислам шариғатының қағидаларына сай жүргізеді.

"Аль-Хиляль" банкі инвестициялық және коммерциялық операциялардың кез- келген түрін жүргізе алады және тиісті қызметті жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғаларға да ұсына алады. Қазақстандық заңдылыққа және ислам құқығының қағидаларына сәйкес, банк өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй және туризм салаларында қаржылық операцияларды жүргізеді.

Сонымен бірге, әмірлік тарапы Қазақстан Республикасының азаматтарының ішінен банк қызметкерлерін оқыту және іріктеу мақсатында ислам банкингі саласындағы білікті мамандарын Қазақстанға жіберу туралы міндеттеме қабылдады.

Өз кезегінде, ҚР Үкіметі әмірлік тарапы қажетті құжаттарды ұсынған жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағында банкілік операцияларды жүргізу құқығына лицензия алуға жәрдем береді.

Сондай-ақ, тараптар БАИ президенті шейх Халифа бен Заид Аль Нахаянның әмірліктің қайырымдылық ұйымдарының қаражатына Астана қаласында 1200 орындық мектеп салу туралы тапсырмасын жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Шейх Халифа бен Заид Аль Нахаян атындағы қайырымдылық ұйымының атқарушы директоры Мухаммад Хаджи аль-Хури қайырымдылық ұйымы аталған жобаны Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп іске асыруға дайын екенін атап өтті. Қазіргі таңда жобаны бастау үшін тиісті құжаттамалар әзірленіп жатыр. Мектеп құрылысы 2010 жылдың қыркүйегінде аяқталады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны