07.06.2007, 17:44 2952

Айыптаушы жақ ВИЧ індетін жаппай жұқтыру ісіне қатысты айыпталушыларға жүктелуге тиіс жазаны жария етті

Айыптаушы жақ ВИЧ індетін жаппай жұқтыру ісіне қатысты айыпталушыларға жүктелуге тиіс жазаны жария етті

ШЫМКЕНТ. 7 - маусым. Kazakhstan Today. Бүгін балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру туралы іс бойынша өтіп жатқан соттың таңертеңгі отырысында облыстық прокуратураның қылмыстық істер жөніндегі сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сапаров ВИЧ індетін жаппай жұқтыру ісіне қатысты айыпталушыларға жүктелуге тиіс қылмыстық жазаны анықтауға деген көзқарасын жария етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Яғни, айыптаушы жақ облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры Нұрсұлу Тасмағамбетоваға, оның жасы мен бірінші рет сотталып отырғандығын ескере отырып, шарты жазалау шарасын қолдану жеткілікті деп санайды. "Айыпталушы Нұрсұлу Тасмағамбетоваға бір жылға сынақ мерзіммен үш жылға шарты жазалау және үш жыл бойы медицина саласында қызмет істеу құқығынан айыру лайық", - деді Н. Сапаров.

Прокурор Нұрсұлу Тасмағамбетованың күйеуі, медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық басқармасының бұрынғы басшысы Рысқұлбек Байхарашевті де бір жылға сынақ мерзіммен үш жылға шартты жазалауды, оның орынбасары Орынбасар Қашқалиұлын -төрт жылға шартты, денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Нағима Жолдасованы - екі жыл сынақ мерізіммен төрт жылға шартты, № 2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Ғани Жолдасовны - бес жылға шартты жазалауды сұрады. Прокурор денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Рахима Қуандықованы жалпы режимдегі түрмеде 3,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурор балалар ауруханасының бөлімше меңгерушілеріне ең үлкен жазалау мерзімін тағайындауды талап етті. Яғни прокурордың пайымдауынша, Илібек Тастанов пен Асылбек Чукуев мүлкін тәркілеумен жалпы режимде тоғыз жыл бас бостандықтарынан айыру жазасына лайық. Оларға немқұрайдылық пен пара алды деген айып тағылуда. Сондай-қ осы баптар бойныша Мұхамедияр Иуелбеков, Алтынай Тілесова, Құттықыз Ақболаева, Асхат Зарифов та айыпталуда. Прокурор олардың барлығына мүлкін тәркілеумен жеті жарым жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап етті.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ташмұқан Тойбеков үшін прокурор жалпы режимдегі түрмеде бес жылға бас бостандығынан айыруды, № 2 қалалық балалар ауруханысының бас дәрігері Бақытгүл Баймаханованы төрт жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Прокурордың пайымдауынша, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлжан Қылышбековаға да осындай мерзім тағайындалу қажет.

Қан құю орталығының курьері Халба Асанова, прокурордың пайымдауынша, мүлкін тәркілеумен төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына лайық. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177-бабы "Алаяқтық" бойынша айыпталып отыр.

Облыстық балалар ауруханасының бас бухгалтері Бақытгүл Сердановаға прокурор мүлкін тәркілеумен сегіз жылға бас бостандығынан айыруды, сонымен қатар 100 АЕК айыппұл салуды талап етті. Сонымен қатар, прокурордың пайымдауынша, бухгалтер мемлекетке 7 млн теңгеден асатын ұрланған қаржыны қайтаруға тиіс.

Осы аурухананың кассирі Роза Қаукешова, прокурордың пайымдауынша, мүлкін тәркілеумен алты жылға бас бостандығынан айырылуға тиіс, сондай-ақ мемлекетке 4 млн теңгеге жуық соманы қайтаруға тиіс.

Прокурор айыпталушылардың барлығы үшін сәйкес лауазымдарында үш жылға дейін қызмет атқаруларына тыйым салуды талап етті.

Бұрын хабарлағанымыздай, Шымкентте балаларға ВИЧ індетін жұқтыру жөніндегі іс бойынша сот процессі 19-қаңтарда басталған. Аталмыш іс бойынша 21 адам айыпталуда, оның 18 медицина қызметкерлері.

Бүгінгі күнде облыста ВИЧ індетін жұқтырған балалардың саны 114, және 14 ананың ВИЧ індетін жұқтырғандығы анықталған. Тоғыз бала қайтыс болып, біреуін шетелге асырап алып кеткен.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны