08.07.2015, 15:14 3350

Ақордада Қазақстан Президенті мен Үндістан Премьер-министрі келіссөздерініӊ қорытындысына арналған бірлескен брифинг өтті

Қазақстан Президенті елімізге Үндістан Премьер-министрініӊ тұӊғыш сапары өзара түсіністік пен достық рухында өтіп жатқанына назар аударды

Астана. 08 Шілде. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті елімізге Үндістан Премьер-министрініӊ тұӊғыш сапары өзара түсіністік пен достық рухында өтіп жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Келіссөздер барысында біз кеӊ ауқымды мәселелерді қарастырдық. Белсенді саяси диалогты жалғастыруға, барлық деӊгейдегі байланыстарды өрбітуге, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды жан-жақты жандандыруға уағдаластық. Үндістанмен стратегиялық серіктестікті дамыту - біздіӊ сыртқы саясатымыздыӊ Азия векторындағы басым бағытыныӊ бірі, - деді Мемлекет басшысы, деп хабарлайды Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздіӊ ынтымақтастығын одан әрі кеӊейтуге қажетті әлеует зор екенін атап өтті.

Сауда-экономикалық өлшем екіжақты қарым-қатынастардыӊ локомотиві саналады. Қазақстан - Үндістанныӊ Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,3 миллиард долларға жетіп, 2013 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайды. Біз ақпараттық технологиялар, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жұмыста елеулі тәжірибе жинадық, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2005 жылдан 2014 жылдыӊ бірінші жартысына дейін Үндістаннан тартылған тікелей инвестиция көлемі 200 миллион доллардан асқанын айтты. Бүгінде біздіӊ елімізде Қазақстан мен Үндістанныӊ 492 бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді.

Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздер қорытындысы елдеріміздіӊ қарым-қатынасыныӊ келешегі зор екенін көрсеткеніне тоқталды.

Көптеген маӊызды мәселелер бойынша ұстанымдар ұқсастығы, тұрақты әрі тығыз байланыстар, бір-бірін толықтыратын экономикалар, екі елдіӊ зор транзиттік-көліктік әлеуеті осыны айғақтайды. Сондай-ақ сапар аясында өткен бизнес-форум екіжақты ынтымақтастықты арттыруға қосымша негіз қалайды, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде мұнай-газ, металлургия, тау-кен өндірісі, инфрақұрылым, банк, азық-түлік және электр энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықтыӊ жайы әӊгіме болғанын айтты.

"Сәтбаев" мұнай блогында барлау мақсатындағы бұрғылаудыӊ басталуы мен 2015 - 2019 жылдары Үндістанға 5 мыӊ тонна уран жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қою - энергетика саласындағы ынтымақтастықтыӊ жүйелі дамуыныӊ дәлелі, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан әлемдегі және өз өӊіріндегі қауіпсіздікті нығайту, саяси және экономикалық жаӊғырту ісінде маӊызды рөл атқаратынына назар аударды.

Біздіӊ елдеріміз - көптеген интеграциялық үдерістердіӊ көшбасшылары. Біз Үндістанныӊ Қытаймен және Пәкістанмен қарым-қатынасын дамытып жатқанын көріп отырмыз. Мұныӊ бәрі біздіӊ өӊірге қатысты, демек біздіӊ саудамыз үшін маӊызды мәні бар. Нью-Дели біздіӊ өӊірдегі елдердіӊ арасындағы байланыстыӊ нығаюына ықпал етеді деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті екі елдіӊ өзара іс-қимылы үшін маӊызы зор өӊірлік және халықаралық ұйымдарды атап өтті, олардыӊ қатарында АӨСШК, ШЫҰ және БҰҰ бар, аталған ұйымдар аясында екі ел де бірдей көзқарастар ұстанады.

Қазақстан мен Үндістан БҰҰ Қауіпсіздік кеӊесініӊ тұрақты емес мүшелігіне сайлау кезінде бір-біріне өзара қолдау көрсетеді. Астана Нью-Делидіӊ БҰҰ Қауіпсіздік кеӊесініӊ тұрақты мүшелігіне ұмтылысын да қолдайды. Біздіӊ БҰҰ-ны реформалау мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да үйлесім тапты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне Үндістан компанияларыныӊ белсене атсалысуын Қазақстанныӊ қоштайтынын айтты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты өзара ықпалдастықтыӊ мәдени бағытын мазмұндырақ ете түсу, Қазақстан мен Үндістан халықтарыныӊ достығын нығайту ортақ міндет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары арасында тарих және этнография саласы бойынша, сондай-ақ мұрағат және кітапхана қорларына қолжетімділік жөнінде ақпараттық материалдар мен құжаттар көшірмелерін алмасу жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті елімізге тұӊғыш ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Үндістан Премьер-министріне тағы да ризашылық білдірді.

Біз бұл оқиғаны ынтымақтастығымызды арттыру және ілгерілету, достығымызды нығайту ісіндегі маӊызды белес ретінде қарастырамыз. Қазақстан осы игі үрдісті, барлық деӊгейде жиі сапарлар алмасуды жалғастыруға әзір. Елдеріміз ынтымақтастық пен өзара түсіністікке ықыласты, - деді Мемлекет басшысы.

Үндістан Премьер-министрі өз елініӊ Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтып, соныӊ аясында тығыз сауда-экономикалық өзара ықпалдастыққа және екіжақты берік байланыстар орнатуға қол жеткізілгенін атап өтті.

Біздіӊ көп мүддеміз ортақ, экономикалық және саяси даму бағыттарымыз ұқсас. Көптеген халықаралық мәселелер, соныӊ ішінде өӊірлік қауіпсіздік, коммуникация мен интеграция, сондай-ақ БҰҰ-ға реформа жүргізу мәселелері жөнінде елдеріміздіӊ ұстанымы үндеседі. Қазақстан - Үндістанныӊ өӊірдегі еӊ ірі экономикалық серіктесі. Қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытудыӊ әлеуеті зор. Біз экономикалық байланыстарымызды жаӊа деӊгейге көтеру үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниеттіміз, - деді Үндістан Премьер-министрі.

Н.Моди Үндістанныӊ инвестицияны арттыру жөніндегі ұсынысына Қазақстанныӊ оӊ ықылас танытып отырғанына қанағаттанғанын жеткізді.

Екі бағытқа - өӊдеу өнеркәсібіне және инфрақұрылым саласына инвестиция салуды басымдығы бар бағытымыз деп білеміз. Бизнесте өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға шақырамын. Біздіӊ Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерініӊ қатысуымен бірлескен бизнес-форум өткізе отырып, ынтымақтастығымыздыӊ жаӊа жол картасын жасай аламыз деп үміттенеміз, - деді Н.Моди.

Үндістан Премьер-министрі өз елініӊ ғарыш және ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайту, оныӊ нәтижелерін басқару және даму саласына қолдану жөнінде ниеті барын айтты. Ол көлік секторында да өзара іс-қимылдыӊ қажеттігіне тоқталды.

"Солтүстік-Оӊтүстік" халықаралық көлік дәлізі, сондай-ақ Иран, Түрікменстан және Қазақстан арасындағы теміржол байланысы, Үндістанныӊ Сауда және транзит жөніндегі Ашхабад шартына қосылуға мүдделілігі бұл байланысты нығайтады, - деді Үндістан Премьер-министрі.

Н.Моди Үндістан Қазақстанныӊ 6 университетімен арада жастар алмасуды көздейтін жаӊа бағдарламаны іске қосып жатқанын, ол алдағы 6 жылда қызу жүргізілетінін айтты.

Н.Модидіӊ Қазақстанға ресми сапары аясында екі мемлекеттіӊ басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, төмендегі құжаттарға қол қойды:

- "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы" АҚ мен Үндістан қатынас жолдары министрлігі арасындағы техникалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ мен Үндістан атом энергиясы департаменті арасындағы табиғи уран концентраттарын сатып алу және сату келісімшарты;

- Сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы келісім;

- Қазақстан Республикасыныӊ Үкіметі мен Үндістан Республикасыныӊ Үкіметі арасындағы Қорғаныстық және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Үндістан Республикасы Жастар ісі және спорт министрлігі арасындағы Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны