16.04.2014, 20:07 4290

Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте Ұлттық Банктің есебі қаралды

Кеңес барысында еліміздің қаржы секторының қазіргі мәселелері мен міндеттері талқыланды, сондай-ақ Ұлттық Банктің 2013 жылғы және 2014 жылдың алғашқы тоқсанындағы есебі тыңдалды.

Алматы. 16 сәуір. Kazakhstan today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте Ұлттық Банктің есебі қаралды.

Кеңеске Президент Икімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Ұлттық Банк төрағасы Қ.Келімбетов, Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Е.Орынбаев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, сондай-ақ Ұлттық Банк төрағасының орынбасарлары қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес барысында еліміздің қаржы секторының қазіргі мәселелері мен міндеттері талқыланды, сондай-ақ Ұлттық Банктің 2013 жылғы және 2014 жылдың алғашқы тоқсанындағы есебі тыңдалды.

Мемлекет басшысы жалпы бүгінгі күні елдегі қаржы секторының дамуын тұрақты деп сипаттауға болатынын атап өтті.

"Экономикадағы несиелер өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Халықтың депозиттерінің көлемі 10 триллион теңгеге жетті. Біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің кепілі болып саналатын Ұлттық қордың қаражаты бір жыл ішінде 22%-ға дерлік артып, 70 миллиард долларға ұлғайды. Зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктіру үдерісі аяқталды. Сақтандыру нарығы да өсіп жатыр, оның активтері есепті кезеңде 18%-ға артты. Қаржы саласын одан әрі нығайтуда жүйелі қадамдар жасау үшін Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл жұмысты биылғы маусымға қарай аяқтау керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қ.Келімбетов Ұлттық Банкке жүктелген міндеттердің орындалу барысы туралы, атап айтқанда, қаржы-несие саясатын іске асыру және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде баяндады.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы Ұлттық Банк пен Үкіметке екінші деңгейдегі банктер портфеліндегі пайда бермейтін несиелер деңгейін азайту, банк секторын Базель III капиталы стандарттарына өткізуді қамтамасыз ету, қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту және олардың сапасын арттыру, сондай-ақ құнды қағаздар нарығын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны