03.07.2009, 14:27 3316

Ақтауда "Даля" шекаралық заставасының бастығы өз қарамағындағыларды соққыға жықты, оған жауап ретінде әскери қызметшілер қызмет орнын тастап кетті

Ақтауда "Даля" шекаралық заставасының бастығы өз қарамағындағыларды соққыға жықты, оған жауап ретінде әскери қызметшілер қызмет орнын тастап кетті

Алматы. 3 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Ақтауда 1 шілдеде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2018 әскери бөлімшесінің "Даля" шекаралық заставасында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген әскери қызметшілер қызмет орнын тастап кетті. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Бас әскери прокуратурасының ресми өкілі Болат Тазабеков мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Ақтау гарнизонының әскери прокуратурасына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2018 әскери бөлімшесінің "Даля" шекаралық заставасында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген әскери қызметшілердің қызмет орнын тастап кеткені туралы хабар келіп түсті", - деді Б. Тазабеков.

"Тексеру барысында белгілі болғанындай, 1 шілдеге қараған түні застава бастығы аға лейтенант Арман Құдайбергенов арақ ішіп алған соң билігін асыра пайдаланып, мерзімді қызметтің бес әскери қызметшісіне түрлі дене жарақаттарын түсіріп, ұрып- соққан", - деді Б. Тазабеков.

"Қорлыққа шыдамай және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін заставаның бүкіл жеке құрамы - мерзімді әскери қызметтегі 21 әскери қызметші - көрші "Фетисово" шекаралық заставасына келген", - деді Б. Тазабеков.

Оның айтуынша, заставаны тастап кеткен шекарашылар өздерімен бірге қару алмаған.

Б. Тазабековтың мәліметінше, қазір соққыға жығылғандардың жағдайы қанағаттанарлық, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілген, олардың екеуі медсанбөлімшеде жатыр.

Оның айтуынша, егер тергеу барысында застава бастығының өз қарамағындағыларды соққыға жығу дерегі расталса және олардың әскери бөлімшені тастап шығуға мәжбүр болғандығы дәлелденсе, қызмет орнын өздері біліп тастап шыққан әскери қызметшілерге қатысты қандайбір шара қолданылмайды.

Б. Тазабековтың хабарлауынша, бұл дерек бойынша Ақтау гарнизонының әскери прокуроры 3 шілдеде А. Құдайбергеновтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-ші бабының 1-тармағы (әскери қызметшілердің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген бастықтың билікті асыра қолдануы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Прокуратураның ресми өкілінің хабарлауынша, сонымен қатар, А. Құдайбергенов күдікті ретінде жауап беріп, қамауға алынды. Істі тексеру ҚР ІІМ-нің Ақтау әскери-тергеу бөліміне жүктелді. Бұл іс бойынша тергеу ҚР Бас әскери прокурорының жеке бақылауына алынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны