24.06.2010, 16:02 2853

Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрменің лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрменің лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Ақтау. 24-маусым. Kazakhstan Today Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрменің лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облысының ҚАЖКБ қатаң тәртіптегі түрмесінің лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалған.

"22-маусым күні Маңғыстау облысының ҚАЖКБ қатаң тәртіптегі түрмесінен таңғы сағат 5.00 ауыр және өте ауыр қылмыстар істеген топ сотталушы қашқан болатын",- деп хабардар етті баспасөз қызметіндегілер.

"Аталмыш дерек бойынша Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті лауазымды тұлғалардың үстінен ҚР ҚК 358-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады",- деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, облыс прокуратурасы тексеру нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың үстінен ҚР ҚК 316-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Қазіргі уақытта жедел штаб құрылған. Бой тасалаған 13 сотталушыны анықтап, ұстау үшін жедел-тергеу шаралары ұйымдастырылуда",- деп айтылған баспасөз баянында.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ ішкі әскер бастығының тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ибдісадық Ережепов сотталушылардың түрмеден қашуына түрме қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығаруға болмайды деп мәлім еткен болатын

"Қазіргі уақытта мекемеаралық комиссия құрылып, тергеу жұмыстары басталды",- деді И. Ережепов. Оның айтуынша, сотталушылардың қашуына түрме қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін деген болжам да қарастырылуда.

"Түрменің күзет қызметкерлері опасыздыққа баруы мүмкін",- деді И. Ережепов.

Бұрын хабарлағанымыздай, 22-маусым күні Ақтау уақытымен таңғы сағат 5.00 Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі түрмеден бір топ сотталушы қашқан болатын.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, таңғы сағат 04.50 сотталған азаматтардың сыбайластары трансформаторлық қосалқы станцияны істен шығарып, түрмеден қашқан сотталушыларды үш көлікпен күтіп тұрған. Дәл осы уақытта сотталушылар түрменің қоршауынан асып түскен.

"Сотталушылар қаша бастағанда Ақтау қаласының № 6656 әскери бөлімінің жедел қызметінің әскери қызметкерлері қару қолданып, оқ атқан, мерт болғандар мен жараланғандар бар. Белгісіз біреулер қарсы оқ жаудырған. Соның салдарынан әскери қызметкерлердің бірі жараланды",- деп хабарлаған болатын Е. Ерімбетов.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 13 сотталушы бой тасалап үлгерген. Жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, түрмеден қашқан сотталушылар діни сектаның мүшелері болуы мүмкін деген болжам жасалған болатын. "Лада" апталық газетінің хабарлауынша, түрме қызметкерлерінің бірі түрмеден қашқан сотталушылардың барлығы "белгісіз бір мұсылман сектасының мүшелері екендігін" айтқан. Газеттің хабарлауынша, "олар дәл таңғы намаз уақытында қашқан".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны