28.06.2010, 11:26 2946

Ақтаудың қатаң тәртіптегі түрмесінен қашқан сегіз сотталушы өздерін ұстау кезінде мерт болды - ІІМ

"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде сотталғандар мен олардың қашып шығуларына көмек көрсеткен тұлғалар қаладан 170 шақырымда орналасқан Қызылсай шатқалынан табылды",- деп хабарлады Қ. Жұманов.

Астана. 28-маусым. Kazakhstan Today Ақтаудың қатаң тәртіптегі түрмесінен қашқан сегіз сотталушы өздерін ұстау кезінде мерт болды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде сотталғандар мен олардың қашып шығуларына көмек көрсеткен тұлғалар қаладан 170 шақырымда орналасқан Қызылсай шатқалынан табылды",- деп хабарлады Қ. Жұманов.

"Қылмыскерлерді ұстау кезінде олар қарулы қарсылық көрсетіп, нәтижесінде бес сотталушы ұсталып, сегізі мерт болды",- деп хабардар етті Қ. Жұманов. Оның ақпараттарына сүйенсек, "сонымен қатара, көмек көрсеткен тағы төрт адам мерт болған".

Сондай-ақ, "сотталғандар осы жоспарлаған істеріне жарты жылдан бері дайындалған",- деп хабарлады. "Оқиға орнынан қару-жарақтар, мобильдік байланыс құралдары, азық-түліктер мен 3,5 млн теңгеден астам қаржы табылды",- деп нақтылап өтті баспасөз қызметінің бастығы.

Ол сондай-ақ, "қылмыскерлерді ұстау операциясын жүргізу барысында ішкі істер министрлігі мен ішкі әскердің үш қызметкері жараланғандығын" хабарлады.

Қ. Жұманов, жазасын өтеу мекемесінен қашу және әскери қызметкердің өзіне өзі қол жұмсау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын еске сала кетті. Сонымен қатар, "Түзету мекемесінің лауазымды тұлғаларының үстінен ҚР ҚК 316-бабы (Немқұрайлылық) бойынша қылмыстық іс қозғады",- деп хабарлады ол.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, "қылмыс жасады деген күдікпен мекеме бастығы, жедел бөлімше бастығы және мекеме басшысының кезекші көмекшісі ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған".

"Қазіргі уақытта алдын ала тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп қорытындылады Қ. Жұманов.

Бұрын хабарлағанымыздай, 22-маусым күні Ақтау уақытымен таңғы сағат 5.00 Маңғыстау облысының ҚАЖКБ қатаң тәртіптегі түрмеден бір топ сотталушы қашқан болатын.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, сағат 04.50 сотталған азаматтардың сыбайластары трансформаторлық қосалқы станцияны істен шығарып, түрмедегі жазасын өтеушілерді үш көлікпен күтіп тұрған. Дәл осы уақытта сотталушылар түрменің қоршауынан асып түскен.

Сотталушылар қаша бастағанда Ақтау қаласының № 6656 әскери бөлімінің жедел қызметінің әскери қызметкері Ербол Отарбаев оларды тоқтатпақ болып оқ атқан. Соның салдарынан үш адам мерт болған болатын. Сондай-ақ, дәл осы кезде белгісіз біреулер қарсы оқ жаудырып, Ербол Отарбаевтың сол жақ иығына оқ тиіп, жараланған болатын.

Жедел ақпараттарға сүйенсек, қашпақ болған сегіз адам ұсталып, бой тасалап үлгерген 13 адам бостандықта жүрген болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны