21.05.2007, 12:23 2886

Ақтөбеде Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген 100-ден астам заңсыз мигрант ұсталды

АҚТӨБЕ. 21-мамыр. Kazakhstan Today. Ақтөбеде Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген 100-ден астам заңсыз мигрант ұсталды, олардың арасында 76 ер адам, 13 әйел мен кәмелеттік жасқа жетпеген 12 бала бар. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Ақтөбе облыстық ІІД көші-қон полициясынан хабарлады.

Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, бір топ шетелдік өткен сенбіде Ақтөбеден шыға берісте құрықталды. "Олар Ақтөбенің "Экспресс" атты фирмасына қарасты екі автобуспен көршілес Ресейге бет алған",- дейді ІІД.

Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары Қырғызстаннан шығып, Түркістан қаласы арқылы Ақтөбе-Алматы аралығында қатынайтын жолаушылар поезымен Ақтөбеге жеткені анықталды. "Олар соңғы бекетке дейін тіпті билетсіз жеткен",- дейді тәртіп сақшылары. Шетелдіктер Ресейге уақытша нәпақа іздеп шыққанын мойындаған.

Қазір бұл дерекке қатысты материалдар сотқа жіберілді. Заңсыз мигранттарды республика аумағынан қудалау мәселесі шешіліп жатыр. Көші-қон полициясының түсініктемесіне сәйкес, "ұсталған 12 адамда көші-қон карточкасы жоқ болса, қалғандарының төлқұжаттарында Қазақстан шекарасынан заңды өткендігін көрсететін тіркеу таңбасы болмай шыққан".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны