03.09.2026, 17:22 103223 / 19354

Қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайлардан қорғау және жастар саясаты: жаңа министрлерге міндеттер жүктелді

Олжас Бектенов бірінші кезектегі міндеттерді атады
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің ұжымдарына Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған жаңа басшыларды таныстырып, олардың алдына қойылған міндеттерді атады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жаңа басшылығына "Таза Қазақстан" бастамасын іске асыруды жалғастыру, орман алқаптарын қалпына келтіру, қалдықтарды өңдеу саласын және ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту тапсырылды.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу жобалары ерекше бақылауда болуы тиіс. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату жоспарланып отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымына азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін және табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ құтқару бөлімшелерін заманауи техникамен жарақтандыруды жалғастыру тапсырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдына мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту, жастар және отбасы саясатын жүзеге асыру, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту міндеттері қойылды.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны