15.02.2007, 17:36 3045

Алкогольді лицензиялау жөніндегі функцияны қаржы министрлігінің құзырынан шығару туралы заң жобасы жақын күндері парламентке түседі

АСТАНА. 15-ақпан. Kazakhstan Today. Жақын күндері үкімет парламентке алкогольді өндіру және импорттауды лицензиялау жөніндегі функцияны қаржы министрлігінің құзырынан шығару туралы заң жобасын түсіреді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы қаржы министрілігінің салық комитетінің кеңесінде қаржы министрі Наталья Коржова мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Салық комитеті ішімдік өндіру мен импорттау, лицензияны тоқтату және қайта іске қосу сияқты өзіне тән емес функцияларды осы күнге дейін атқаруда. Бұл біздің функциямыз емес, басқа министрліктер мен мекемелердің функциялары, біз оларға беруге дайынбыз. Және де осыған сәйкес заң жобасын президенттің әкімшілігімен келісу аяқталып қалғандықтан, жақын күндері парламентке енгізіледі",- деді Наталья Коржова.

Соңынан журналистерге берген сұхбатында қаржы министрі Наталья Коржова әңгіме Салық және Кеден кодекстеріне өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы болып отырғандығын түсіндіріп өтті. Ол сондай-ақ, өткен жылы қаржы министрлігінің функцияларына қатысты талдау жүргізу барысында оған сай емес 65 функцияның анықталғандығын, оны басқа министрліктер мен мекемелерге бермек ниетте екендіктерін де атап өтті. "Біз функциялардың жартысын нарыққа береміз, себебі мемлекеттік органдар бұдан былай осындай функциялармен айналыспайтын болады",- деді Наталья Коржова.

Қаржы министрінің сөздеріне сүйенсек, ішімдік өнімдерін өндіру мен импорттауды лицензиялау жөніндегі функция "қазір үкіметте жұмыс істеп жатқан комиссия анықтайтын министрлікке беріледі". "Біз заң жобасын парламентте талдап жатқанда, менің ойымша, жауапты мекеме анықталады және де лицензиялау жөніндегі жұмыстарда ешқандай үзілістер болмайды",- деп санайды Наталья Коржова. "Өйткені, "өткізу - қабылдау" қағидасы - бұл әкімшілік реформаға тән қағида",- деді ол.

"Министрліктің құзыретіне жатпайтын функциялар өткерілуге тиіс, қаржы министрлігінің құрылымдары тек ел бюджетіне түсетін кірістердің дер кезінде аударылу жайын бақылаушы болып қана қалады. Бұл - министрліктің фискалдық орган ретінде атқаратын жалғыз міндеті",- деп қорытындылады өз сөзін Наталья Коржова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны