25.02.2010, 17:03 3812

Алматы гарнизонының әскери соты Қапшағай қаласындағы ойынханаға қарақшылық шабуыл оқиғасы бойынша айыпкерлерге қатысты үкім шығарды

Алматы гарнизонының әскери соты Қапшағай қаласындағы ойынханаға қарақшылық шабуыл оқиғасы бойынша айыпкерлерге қатысты үкім шығарды

Алматы. 25 ақпан. Kazakhstan Today - Алматы гарнизонының әскери соты Қапшағай қаласындағы ойынханаға қарақшылық шабуыл оқиғасы бойынша айыпкерлерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы гарнизонының әскери соты Қапшағай қаласында 2009 жылдың тамыз айында "Фламинго" ойынханасында болған қарақшылық шабуыл дерегі бойынша қылмыстық істі қарады.

"Аталған істің айыптау үкіміне сәйкес, капитан Г.Ахметов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 185- бабының 4- бөлімі, 251-бабының 2- бөлімі, 179- бабының 2 -бөлімі, "а,в,г" тармақшалары, 179-бабының 3 бөлімі, "в" тармақшалары бойынша кінәлі деп танылып Қылмыстық Кодекстің 58- бабының 3 бөлімі негізінде оған мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режімдегі түзету орнына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "ал капитан Е.Түгелбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 380- бабының 1 -бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, аталған бап бойынша оған жалпы режімдегі түзету орнына 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды".

"Азамат Е.Беркінбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 185- бабының 4- бөлімі, 251-бабының 2 - бөлімі, 179- бабының 2- бөлімі, "а,в,г" тармақшаларығ, 179-бабының 3- бөлімінің "в" тармақшалары бойынша кінәлі деп танылып, оған Қылмыстық Кодекстің 58- бабының 3- бөлімі негізінде оған мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режімдегі түзеу орнына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды",- деп хабарлайды мекеме.

Бас әскери прокуратураның хабарламасына сәйкес, "А.Жұмабаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 251- бабының 2 -бөлімі, 179- бабының 2 -бөлімі, "а,в,г" тармақшалары, 179- бабының 3- бөлімінің "в" тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, оған Қылмыстық Кодекстің 58- бабының 3- бөлімі негізінде мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режімдегі түзеу орнына 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қапшағайда ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлер қолға түсті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылғы 22 тамызда таңғы сағат 4-те Қапшағай қаласында екі "Калашников" автоматымен және "Оса" зақымдау тапаншасымен қаруланған бетперде киген белгісіз үш адам "Фламинго" ойынханасына баса көктеп кіріп келген. Олар күзетшілерді қарумен қорқытып, еденге жатқызады да ойынхананың қабырғалары мен төбесіне бірнеше рет оқ жаудырады. Қылмыскерлердің бірі өзімен бірге ала келген балғамен кассаның әйнегін сындырып, 30 миллионнан астам теңгені алып кетеді, содай кейін есік алдында күтіп тұрған автомашинамен белгісіз бағытта жасырынады.

Оқиға болған жерден "Оса" тапаншасының 3 оғы, "Калашников" автоматының 6 оғы мен 24 гильзасы табылды.

Осы күні таңғы 7-де Қарасай АІІБ-ге жергілікті тұрғын кеше кешкі мезгілде жолаушы ретінде келе жатқан екі азамат оны зақымдаушы тапаншамен жарақаттап, "Мазда" автомашинасын тартып алғаны туралы арызданады. Қарақшылар жәбірленушінің қол-аяғын скотчпен байлап және көзін орап, белгісіз жаққа алып шығып, ағашқа байлап, тастап кетеді.

Жасалған қылмыстардың мән-жайын талдау екі қылмысты да бір қылмыстық топ жасағанын көрсетті.

"Фламинго" ойынханасына жасалған қарақшылық шабуылды ашу үшін Ішкі істер министрінің нұсқауымен Қапшағай қаласына Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Құсетовтың басшылығымен аса қауіпті қылмыстарды ашу жөніндегі арнайы бөліністің қызметкерлері жіберілді.

Бесінші тәулікте криминалдық полиция қызметкерлері мен "Сұңқар" арнайы жасағы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Қапшағай қаласында үш күдіктіні ұстап, олар "Фламинго" ойынханасына тиянақты жоспарланған қарулы қарақшылық шабуыл жасағандарын мойындады.

Келесі күні Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында төртінші күдікті ұсталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны