07.12.2009, 16:09 3180

Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігінде арнайы топ құрылады

Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігінде арнайы топ құрылады

Астана. 7 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігінде арнайы топ құрылады. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі Бас прокуратура қозғаған болатын. Бүгінгі таңда аталған қылмыстық іс бізге келіп түскен жоқ",- деді Қ.Жұманов.

"Ол келіп түскеннен кейін Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов осы қылмыстық істі тергеу бойынша арнайы топ құратын болады",- деді ІІМ өкілі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевті ұстау әрекетін жүзеге асырған Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің бас әскери басқармасының тексеруіне берілді. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Мәми бүгін ТМД елдерінің бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында журналистер сауалына берген жауабында мәлім етті.

"Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрлігінің бас әскери басқармасының тексеруіне берілді ", - деді Қ. Мәми.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қалалық департаменті бастығының орынбасарына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, Айдын Жантелеевтің іс-әрекеттерінен қылмыстық құрам анықталған жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бас прокуратурасының хабарламасына сілтеме жасап.

"Қылмыстық іс бойынша қудалауды тоқтатуға ұлттық қауіпсіздік органының қызметкерлері тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылықтар негіз болды. Айғақ адамдар іс жүзінде Айдын Жантелеев ұсталғаннан кейін 20 - 30 минут өткенде қатыстырылған. Оның үстіне белгілі болғанындай, айғақ адамдардың бірі ұстау оқиғасына қатысқан ҰҚК органы қызметкерлерінің бірінің туысы болып шықты. Бұл да қылмыстық- процессуалдық заңның талаптарына қайшы келеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, "хаттамаға стационарлық жер асты автотұрағынан бейнежазбаның алыну дерегі енгізілмеген". Сонымен қатар хабарламаға сәйкес, бұл бейнежазба "іс материалдарына қосылмаған және Бас прокуратураның тергеу тобына тек бірнеше мәрте еске салудан кейін ғана берілген. Бұл бейнежазбада ақау іздері бар".

Бас прокуратураның хабарлауынша, "процессуалдық актілер сот ісін жүргізу тілінің конституциялық қағидаларын бұзумен толтырылған. ҰҚК органдары қызметкерлерімен қылмыстық істің тергелу реті жағынан ҚІЖК нормалары өрескел бұзылған. Бұл бап ішкі істер органдарының анықтауына жатады, сондықтан шұғыл тергеу амалдары өткізілгеннен кейін тергеу ретімен прокурорға жолдануға тиіс еді.

Бас прокуратураның тергеу тобымен жүргізілген кешенді комиссиялық сот-есірткі сараптамасы, Жантелеев есірткі дертіне шалынбаған деп таныды".

"Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерімен аталған оқиғаға қатысы жоқ, төрт азаматқа қатысты негізсіз арнайы құралдар қолданылған. Одан басқа, олар заңсыз түрде наркологиялық зерттеулерге, жеке тінтуге күштелген, заңсыз ұсталынған және ҰҚК Департаментінің ғимаратында 5 қарашаның 23 сағат 40 минутынан бастап келесі күнгі таңғы сағат 7 ге дейін болған.

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғандары үшін Бас прокуратураның тергеу тобымен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды",- деп хабарлайды Бас прокуратура.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны