15.10.2009, 10:41 1828

Алматы облысында офицерді өлтірген күдікті мен оның қызметтесі тұтқындау іс-шарасы кезінде қаза тапты

Алматы облысында офицерді өлтірген күдікті мен оның қызметтесі тұтқындау іс-шарасы кезінде қаза тапты

Алматы. 15 қазан. Kazakhstan Today - Алматы облысында офицерді өлтірген күдікті мен оның қызметтесі тұтқындау іс-шарасы кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Kazakhstan Today Искери прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, офицерді өлтірген күдіктілерді құрықтау бойынша арнайы операция іске асырылды.

"2009 жылдың 13 қазанында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы облысы Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне іздеуде жүрген 65229 әскери бөлімінің офицері Ж. Раушанбектің Кеңсай шатқалында жасырынып жүргені жайлы хабарлама келіп түскен",- делінген хабарламада.

Мекеменің хабарлауынша, сол күні Алматы облысы Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі, Алматы облыстық ІІД "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлімшесі, Алматы әскери -тергеу басқармасының қызметкерлері құрамында жедел топ шатқалды қоршауға алды.

"Қылмыскерлер полиция қызметкерлерін көре сала, қарулы қарсылық көрсетті. Сондықтан, оларға қарсы "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қару қолдануынан Ж. Раушанбек пен оның қызметтесі Е. Жанұзақов ауыр жараланып, Ұзынағаш орталық ауруханасына жеткізілгенде қаза болды. Сонымен қатар, олармен бірге болған Жанұзақовтың өгей баласы 1998 жылы туған Асхат Ерланұлы Алматы ІІД кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау орталығына жеткізілді",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бас прокуратураның мәліметінше, оқиға орнынан он бір патроны бар "ПМ" тапаншасы, 16 калибрлі шолақ мылтық және олардың 30 патроны, 2 пышақ, қанжар, "нунчаки" алынды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы облысында офицерді өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың 13 қыркүйегінде 65229 әскери бөлімнің аға лейтенанты Мұхамедиар Қалыбайұлы Айтмағамбетовтың қасақана күш қолданып өлтіру белгілері бар мәйітінің табылу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 96- бабының 2-тармағы, "д" тармақшасымен (аса қатыгездікпен өлтіру) қылмыстық іс қозғалды.

"Офицер М.Айтмағамбетов 12 қыркүйекте 16 патроны бар тапаншамен тренажер бойынша кезекшілікке, яғни тәуліктік нарядқа түскен. Алайда 13 қыркүйекте ол белгіленген уақытта әскери басшылыққа кезекшілігімен қаруын өткізуге келмеген.

Өткізілген шаралардан соң Айтмағамбетов тренажер залының еденінің астында мойнынан бауыздалған күйде табылған",- делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Бас әскери прокуратураның хабарлауынща, сол күні оны ауыстыруы тиіс капитан Раушанбек Жарқынбек әскери бөлімді тастап кеткен.

"Алғашқы жүргізілген тергеу амалдары Раушанбектің қызметтесін өлтіріп, табельді қаруын алып кетті деп сезіктенуге негіз берді",- деп хабарлады мекеме.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны