05.12.2011, 10:30 3336

Алматы облысында жүргізілген арнайы шара барысында лаңкестік топ жойылып, екі қызметкер мерт болды

Алматы облысының Боралдай ауылында бес адамнан тұратын лаңкестік топтың көзі жойылған. Арнайы операция барысында ҰҚК "Арыстан" жасағының екі жауынгері мерт болды. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлады.

Алматы. 5-желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматы облысында жүргізілген арнайы шара барысында лаңкестік топ жойылып, екі қызметкер мерт болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Интерфакс Қазақстан ақпараттық агентігінің хабарлауынша, Алматы облысының Боралдай ауылында бес адамнан тұратын лаңкестік топтың көзі жойылған. Арнайы операция барысында ҰҚК "Арыстан" жасағының екі жауынгері мерт болды. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлады.

"Боралдайдағы үйлердің біріне кіріп алған қылмыскерлер полицияға қарулы қарсылық көрсетіп бақты. Өз еркімен берілуден бас тартқан соң Алматы мен Алматы облысы ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының арнайы жасақтары олардың көзін жойды. Арнайы операция барысында "Арыстан" жасағының екі қызметкері мерт болды. Басқа ешкім зардап шеккен жоқ", - деді ол жексенбі күні Астанада өткен қысқаша баспасөз мәслихатында.

"Желтоқсанның үшінде жүргізілген жедел-іздестіру операциясы барысында аталған топ басшысы мен мүшелерінің Боралдай ауылында жүргені анықталды. Олар қару қолданып, тәртіп сақшыларына қарсылық білдірді", - деп атап өтті ресми өкіл.

Н.Сүйіндіковтің айтуынша, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілген.

"3-4-сағатқа ұласқан арнайы операция 3-желтоқсан күні түнгі сағат 23:50-де аяқталды.

Қылмыскерлер жасырынған үйден екі РГД-5 гранатасы, екі "Калашников" автоматы мен "Макаров" тапаншасы табылды", - деді ол.

Қазір аталған факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Алматы мен Алматы облысының құқық қорғау орындары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.

"Халыққа қауіп төніп тұрған жоқ. Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Алаңдауға да ешқандай негіз жоқ. Тергеу-тексеру жүріп жатыр және осы топтың өзге мүшелері анықталуда. Қазір осы қылмыстық топ мүшелерінің діни ағымдарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деп қосты ол.

Сонымен қатар, ресми өкіл "терроршылар бірнеше адамды кепілдікке алды" деген ақпарды да жоққа шығарды.

Сондай-ақ, бүінде Алматы қаласы мен облысының құқық қорғау органдары күшейтілген қызмет режіміне көшірілген.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кентінде лаңкестік топтың қызметіне тосқауыл қойылған болатын. Топ мүшелері 2011 жылдың 8 қарашасында екі полиция қызметкерін өлтіріп, Алматы қаласында жаңа зорлық-зомбылық әрекеттерін іске асыруды жоспарлаған. Топ жетекшісі 1977 дүниеге келген Ағжан Хасен 2011 жылдың 28 қазанынан бері ҚР Қылмыстық Кодексiнің 233-2-бабы (лаңкестік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген еді.

Оқиға орнын мұқият тексеру және лаңкестердің мәйіттерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын баса айтқан ресми өкіл: "Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысының құқық қорғау органдары қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшірілді, жағдай толық бақылауда. Тұрғындарға қауіптенуге және мазасыздануға негіз жоқ. Тергеудің нәтижелері және қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады", - деді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны