02.12.2009, 16:44 3174

Алматы полициясы үш адамның өліміне себепші болған жол апатына кінәлі адамды анықтай алмады

Алматы полициясы үш адамның өліміне себепші болған жол апатына кінәлі адамды анықтай алмады

Алматы. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматы полициясы үш адамның өліміне себепші болған жол апаты кезінде "Порше Кайен" көлігінің тізгінінде болған кінәлі адамды анықтай алмады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қалалық ІІД-дегі ақпарат көзіне сілтеме жасап.

"Алматыда 19 қазанда болған аса ауыр жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, полиция қызметкерлері шын мәнісінде "Порше Кайен" кроссоверінің тізгінінде кім болғанын бүгінгі күнге дейін анықтай алмай отыр", - деп хабарлайды ақпарат көзі.

Еске сала кетейік, жол апаты түнгі сағат он екі жарымда Желтоқсан даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болған.

Тәртіп сақшысының айтуынша, ішінде төрт жас адам отырған "Тойота Камри" көлігі Желтоқсан даңғылымен төмен түсіп келе жатқан. Автокөлік бағдаршамның жасыл белгісімен Қабанбай батыр көшесінен өте бергенде оның сол жағынан үлкен жылдамдықпен келіп "Порше Кайен" көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан Сымбат және Мөлдір есімді екі қыз оқиға орнында жан тапсырып, "Тойота Камри" көлігінің жүргізушісі Дәурен келесі күні ауруханада қайтыс болды. Олардың арасынан тек Сағыныш қана тірі қалды.

"Мемлекеттік нөмірі А 010 FC болып табылатын "Порше Кайен" көлігінде отырғандардан ешкім зардап шеккен жоқ. "Порше Кайен" көлігінде Ахан Арғынов және Илібек Қайымсұлтанов есімді екі жігіт болғаны белгілі", - деді ақпарат көзі.

Оның айтуынша, көліктің иесі Илібек Қайымсұлтанов, ол "Трансстроймост" АҚ бас директоры Г. Қайымсұлтановтың баласы. Анықтаушылар бүгінгі күнге дейін екі жігіттің қайсысы "Порше Кайен" көлігінің тізгінінде болғанын анықтай алмай отыр. "Бұл жол апаты бойынша тергеу жұмыстары аса құпия жағдайда өтуде", - дейді тәртіп сақшысы.

"Время" газетінің хабарлауынша, И. Қайымсұлтанов полицияда өзінің сол күні досымен бірге дәмханада болғанын және сол күні сыра ішкенін айтқан. Жігіттер үйге қайтпақ болған кезде И. Қайымсұлтанов мас күйінде тізгінге отырғысы келмей, өздерін жеткізетін жүргізушіні іздестіре бастаған. Оның айтуынша, ол ақша тапқысы келген бір ер адамды тапқан. Және осы жүргізуші, И. Қайымсұлтановтың айтуынша, жол апатын шығарып, сосын қашып кеткен.

Басылымның хабарлауынша, қаза тапқан "Тойота" жүргізушісінің әкесі апат куәгерлерін тапқан, олардың айтуынша, жол апатынан кейін "Порше Кайен" көлігінен екі жігіт қана шыққан, яғни, И. Қайымсұлтанов пен оның досы. Олармен бірге үшінші адам болмаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны