18.02.2008, 17:24 2797

Алматы таксистерін өлтірді деген күдіктілер Таразда тұтқындалды

Алматы таксистерін өлтірді деген күдіктілер Таразда тұтқындалды

Тараз. 18-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Өткен түні Жамбыл облысының ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері қарулы шабуыл жасауға және таксистерді өлтіруге күдікті деп табылған төрт адамды тұтқындады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, шетел автокөліктерінің иелеріне қарулы шабуыл Алматы облысының аумағында жасалған. "Тұтқындалғандардың айтуынша, Алматыдағы техникалық қызмет көрсету станцияларында үш ай жұмыс істеген олар өздерінің ойларынша одан да пайдалы деп тапқан шетел автокөліктерін айдап әкетумен айналысуға бел байлаған". Денесі Алматы облысынан табылған "Ауди" автокөлігінің иесі 8-қаңтар күні топтың алғашқы құрбанына айналған.

"Бір ай өткен соң, 10-ақпанға қараған түні Алматыдағы "Алтын Орда" базарының алдында қарақшылар Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының 23-жасар тұрғыны жүргізіп келе жатқан тағы бір "Ауди" көлігін тоқтатқан. Олар жүргізушіні байлап-матап, тұншықтыра бастаған. Жәбірленуші қысқа мерзімге есінен айырылған. Кезекті құрбан осы себеппен ғана тірі қалған", - деді Жамбыл облыстық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығының орынбасары, полиция капитаны Бақтияр Мамедов.

Күдіктілер жүргізушінің аяқ киімін шешіп алып, байлаулы денені иен далаға тастап, өздері Тараз қаласына жол тартқан. Суықтан есін жинаған жәбірленуші байлауын шешіп, жақын маңдағы ауылға көмек сұрап барған. Қазіргі уақытта ол "басынан ашық жарақат алған және көптеген дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды".

Оңтүстік астананың 18-жасар тұрғыны және Жамбыл облысының Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылында және Мойынқұм ауданының Көшбай ауылында тұратын оның үш сыбайласы Тараз қаласының автобекетінің маңында айдап әкетілген көлікті сатуға әрекет жасау кезінде полиция қызметкерлерінің көзіне түскен.

"Айғақзаттар - "Ауди" автокөлігі мен жәбірленушінің ұялы телефоны тәркіленіп, қылмыстық істің материалдарына тіркелді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Төрт күдікті де өз қылмыстарын мойындаған. Олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар- жоқтығы тексерілу үстінде", - деп хабарлады полиция қызметкерлері.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны