30.06.2006, 11:18 7026

Алматыда бас прокурор жемқорлыққа қарсы күрес және прокурорлық этикаға қатысты мәжіліс өткізді

АЛМАТЫ. 30-маусым. Kazakhstan Today. Кеше Алматыда бас прокурор Рашид Түсіпбеков жемқорлыққа қарсы күрес және прокурорлық этикаға қатысты мәжіліс өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі “Хабар” агенттігіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері елімізде жасалатын ауыр қылмыс түрі 5 процентке төмендеген, ал жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен мемлекеттік қызметкерлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс 22 процентке өскен. Рашид Түсіпбековтың айтуынша, оның қарамағында жұмыс істейтіндердің көбі «жемқорлыққа қарсы күрес» жөніндегі бағдарламаны орындау үшін сападан гөрі санға көбірек мән беруде. Алматыда тіркелген жемқорлыққа қатысы бар 85 қылмыстық істің барлығы дерлік ұсақ-түйек қылмыстар.

“Заңсыздықтардың көбі - мемлекеттік қызметкерлердің толық емес немесе жалған декларациялар толтыруына қатысты тіркелген. Сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қарау мерзіміне байланысты заң бұзушылықтар. Қазір Бас прокуратура бұл заңсыздықтарды «жемқорлық» бабынан алып тастау туралы мәселе көтеруде. Сонда сіздердің нәтижелеріңіз жоқтың қасы деген сөз”,- деді Рашид Түсіпбеков.

Рашид Түсіпбековтің пікірінше, үлкен қаржы ағымдары тоғысқан қалада жемқорлыққа қарсы күресушілер - көрсеткішке қарап жұмыс істемеуі шарт. Алайда, қалалық прокуратура, қаржы және көлік полициясы қылмыстарды өз деңгейінде ашып отырған жоқ. 350 қылмыстық іс әлі сотқа жетпеген болса, істердің төрттен бір бөлігі қараусыз қалған.

ҚР бас прокуроры былай деді:
”Искердегі әлімжеттік пен қол жұмсау, сарбаздар қазасы әлі жалғасып отыр. Жеке құрылыста жұмыс істейтіндер әлі бар. Соған қарамастан, әскери прокурорлар жемқорлыққа қатысы бар бірде-бір жайтты көрмепті. Ал теміржол баяғыда-ақ пайда көзіне айналған. Жолаушылар пойызды бақылау органдарына «алым» төлеумен келеді. Мұны кез келген жолаушы растап береді. Бірақ, көлік прокуратурасы берген есеп бойынша, бұл мәселеде бірде-бір заңсыздық жоқ”.

Жиын қорытындысы бойынша, жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын тиісті деңгейде орындамаған қаланың бірнеше аудандық прокурорларына қатаң сөгіс жарияланып, Алматы қаласының прокуроры Жақсылық Байтұқбаевқа ескерту жасалды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны