28.05.2010, 13:48 3777

Алматыда кәсіпкер әйелді тонау ісі ашылды

Алматыда кәсіпкер әйелді тонау ісі ашылды

Алматы. 28 мамыр. Kazakhstan Today - Алматыда кәсіпкер әйелді тонау ісі ашылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің инспекторы Гүлнәр Жаманқұловаға сілтеме жасап.

ІІД мәліметінше, қала базарларының бірінде ет өнімдерін сатумен шұғылданған 43 жастағы Шолпанның үйіне осыдан төрт ай бұрын шабуыл жасалған болатын.

Белгісіз үшеу бұл әйелдің үйіне таңғы сағат алты шамасында, үйдегілер тәтті ұйқыда жатқан кезде басып кірген. Оларды шырт ұйқыдан оятқан шабуылшылар жол сөмкеге ақша, асыл заттар мен қымбат киім-кешектерді жинап салуды бұйырған. Өйтпеген жағдайда шақырылмаған қонақтар оларды қатал жазалайтындықтарын айтып қорқытқан.

"Анығы, қылмыскерлер біреудің жеткізуі бойынша әрекет еткен, өйткені үйде ірі көлемде ақша сақтаулы екені, және жақын арада отағасы іссапарға кеткені де белгілі болған. Шабуыл кезінде үйде азаматша Шолпанның өзі, сіңлісі және айғай-шудан зәре-құты қалмай шошып қалған төрт жасар сәби болған. Жақындарының өмірі үшін қауіптенген үй иесі тонаушылардың талаптарына бағынып, олардың бұйыруы бойынша шабуыл жөнінде ұзақ уақыт полицияға хабарламаған",- деді шабуыл жайында егжей-тегжейлі ой бөліскен Алматы қаласы ІІД-нің криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.

Шабуылшылар 10 мың АҚШ доллары, 7 түрлі алтын және бриллиант бұйымдар, сонымен қатар екі қаракүзен (норка) тонды олжалаған. Таңғы сапаршылардың әкелген шығынын Шолпан екі миллион теңгеден жоғары бағалап отыр. Ийел бұл шабуыл жөнінде қырық минут өткеннен кейін ғана полицияға хабарлаған.

"Сол күні-ақ Медеу аудандық Ішкі істер басқармасында ҚР ҚК-нің 178-бабы тонау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұрын басқа да дүние-мүлік ұрлағаны бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған қарақшылардың негізгі белгілерін әйел есінде сақтап қалған. Сондықтан біз жедел түрде жеке бастарын анықтап, олар туралы тұспалдарды Алматы және басқа да облыстардың барлық ІІБ-на тараттық. Бұл топтағы негізгі қылмыскер - 22-жастағы Ермек деген азамат жақында ұсталды. Өзінің іздеуде жүргенін білген жас жігіт тұрғылықты жерін үнемі ауыстырып отырған",- деп атап өтті полковник Шідерқұлов.

Алғашында Ермек "Думан" шағынауданында тұратын әпкесінің үйінде жасырынып жүрген, кейін Талғар қаласындағы алыс туыстарының үйіне көшкен. Ұстау кезінде бұл жас жігіт жайбарақат болған, ол полицейлерге ешқандай қарсылық көрсетпеген. Ұсталғанның ісінен белгілі болғандай, ол үш жыл бұрын ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп шыққан екен. Тергеу болжамы бойынша, іздестірілуде жүрген өзгеде тонаушылар Ермектің жерлестері, яғни Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болуы мүмкін деген жорамал айтылуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны