23.10.2006, 14:26 3289

Алматыда көліктерін мас күйінде жүргізүшілерді ұстауға бағытталған шара кезінде кәмелеттік жасқа жетпеген жүргізуші полиция қызметкерлерін қағып өтпек болды

АЛМАТЫ. 23-қазан. Kazakhstan Today. Алматыда көліктерін мас күйінде жүргізүшілерді ұстауға бағытталған шара кезінде кәмелеттік жасқа жетпеген жүргізуші полиция қызметкерлерін қағып өтпек болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісіне қалалық ІІД жол полициясы басқармасынан.

Қазан айының 21-ші жұлдызы күні алматылық полиция қызметкерлері жол ережелерін өрескел бұзушыларға, автокөліктерге қатысты қылмыстардың алдын алуға және көліктерін мас күйінде жүргізүшілерді ұстауға бағытталған кезекті ауқымды іс-шараларын өткізді.

Осы іс-шараның барысында полиция бұзақыларды тоқтату мақсатында тапанша қолдануға дейін барды.

Шараның алғашқы сағатында-ақ жол полициясы басқармасының күзет жасағы көліктері түнгі уақытта жарық белгілерін жақпастан жүйткіген "Мазда" көлігінің ізіне түседі. Көлік жүргізушісі полиция қызметкерінің тоқтатуына құлақ аспай, жылдамдығын үдете түскен. Тәртіп бұзушылар полиция қызметкерлерінен қашамыз деп жол-көлік апаты қаупін тудырып қана қоймай, тәртіп сақшыларының патрульдік машинасына едәуір зақым келтірген.

Көліктен шыққан полиция қызметкерін қағып өтпек болған қашқындар әрекетіне орай полиция "ПМ" тапаншасынан аспанға ескерту үшін оқ атуға мәжбүр болған. Нәтижесінде бір топ кәмелеттік жасқа толмаған бұзақылар ұсталды.

Кейін анықталғандай, "Мазда" автокөлігі ұсталған төрт жасөспірімнің бірінің әкесінікі болып шықты. Түнгі жүйткуге қатысушылардың барлығы Жетісу аудандық ІІБ-на жеткізілді.

Ал түнгі іс-шара кезінде барлығы 252 жол жүру ережесін бұзғандар анықталды және автокөліктерді мас күйінде жүргізген 171 жүргізушіні ұстады.

Өткен аптадағы осындай шара барысында полиция қызметкерлері 132 мас жүргізушіні ұстаған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны