23.07.2008, 11:53 1466

Алматыда "Мигрант" шұғыл алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды

Алматыда "Мигрант" шұғыл алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды

Алматы. 23 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда "Мигрант" шұғыл алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның негізгі мақсаты Алматыға заңсыз келіп, жұмыс істеп жүрген жақын және алыс шетелдік азаматтарды анықтау.

"Аталған шараны жүзеге асыру барысында полиция қызметкерлері түрлі сауда орындары мен ірі базарларды, сонымен қатар олардың маңындағы тұрғын жайлар мен үйлерді тексерді. Сондай-ақ, "Мигрант" шарасының өту мерзімінде шетелдік азаматтар оқитын 50 оқу орындары және шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 65 кәсіпорын мен ұйымдарда тексерулер болып өтті", - деді Алматы қалалық ІІД-нің миграциялық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Кезембаев.

Миграциялық полиция қызметкерлерімен Заря Востока ауылы, "Дорожник", "Шаңырақ", "Думан", "Айнабұлақ" ықшам аудандарында өткізген рейдтік шаралардың бір күні нәтижесінде миграциялық заңды бұзған 102 шетел азаматы құрықталды. 28 азамат тұлғасын анықтау мақсатында қабылдап тарату орнына жеткізілді. Шетелдік азаматтарды уақытылы тіркеуге тұрғызбаған қазақстандық 13 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Шараның нәтижесінде миграциялық заңды бұзған 1357 шетелдік азаматтар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 212 алыс шетелден келген азаматтар (125 ҚХР-ның азаматы, 64 Түркия азаматы, 10 Пәкістан , қалғандары Ауғанстан, Нигерия, Иран, АҚШ, Италия, Босния, Латвия, Оңтүстік Корея, Израиль мемлекетерінен бір-екі адамнан) және 1145 ТМД азаматтары. ТМД мемлекеттерінен жауапқа тартылғандардың көбі Өзбекстан азаматтары - 906. Қырғызстан азаматтары - 121, Ресей - 67, Тәжікстан - 40. Алыс шетелден келген 21 (ҚХР, Нигерия, Түркия, Ауғанстан және АҚШ азаматтары) азамат және 92 ТМД азаматтары, жалпы саны 137 адам республикамыздан қудаланды", -деп мәлімдеді Марат Кезембаев.

Осылайша "Көктем" ықшам ауданында жүргізілген шара барысында тиісті құжатсыз еңбек атқарған, ҚХР-нан келген 5 азамат қолға түсті. Сол күні тәртіп сақшылары мерзімі өтіп кеткен визамен жүрген Нигериядан келген 2 қонақты ұстады. Барлық ұсталған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып Қазақстан Республикасының шекарасынан аластатылды.

"Қабылдап тарату орнына жеке куәлігінсіз немесе құжатсыз жүрген 1 алыс шетел азаматы және 172 ТМД азаматы жеткізілді. Елімізге шақырумен келген шетел азаматтарының еліміздің аумағында жүріп-тұру Ережесін бұзған 453 ҚР азаматы және лауазымды орын иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іздеуде жүрген 7 қылмыскер құрықталды. Шара барысында миграциялық полиция қызметкерлері ізін суытпай шетел азаматтарымен жасалған екі қылмысты тіркеп, бетін ашты", - деп сөзін жалғастырды Марат Кезембаев.

Жетісу АІІБ-ның қызметкерлерімен кісі тонаған Қырғызстан азаматы ұсталды. 38 жастағы азамат көшеде кетіп бара жатқан әйелді қорқытып, 25 мың теңге тұратын "Самсунг Е-200" маркалы ұялы телефонын тартып алған. Медеу ауданында бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін Түркия азаматтары құрықталды. Олар "Самал" ықшам ауданының бірінде орналасқан мейрамхананың жиһаздарын және ыдыстарын сындырған.

Қазіргі таңда заңсыз миграцияны анықтап, жолын кесуге бағытталған жұмыстар жалғасын тауып, ІІД басшылығының бақылауына алынған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны