18.01.2008, 16:34 2931

Алматыда өз әріптестерін 15 мың АҚШ долларынан астам сомада алдап кеткен автосалон менеджері ұсталды

Алматыда өз әріптестерін 15 мың АҚШ долларынан астам сомада алдап кеткен автосалон менеджері ұсталды

Алматы. 18-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда өз әріптестерін 15 мың АҚШ долларынан астам сомаға алдап кеткен автосалон менеджері ұсталды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне қаланың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 24 жастағы жігіт қала автосалондарының бірінде менеджер болып қызмет істеп жүріп, өзінің әріптестеріне қаланың банк құрылымдарында жақсы таныстарының бар екендігін желеу етіп, ірі көлемде несие алуға көмектесе алатындығын айтқан.

Полицейлердің хабарлауынша, ол несиенің рәсімделуін жылдамдату үшін үш әріптесінен бес-алты мыңнан АҚШ долларын алған (бұл банктен талап етілген қаржының көлеміне байланысты болған). Жас жігіттің берген уәдесі айларға созылған. Делдал бірнеше апта бұрын тұратын жерін ауыстырып, телефонын өшіріп, ізім-ғайым жоқ болған.

"Алданған азаматтар полицияға ресми түрде шағымданған. Жәбірленушілердің әрқайсысы күдікті туралы әртүрлі мәліметтер бергендіктен, алаяқты іздеу қиынға соқты. Тек оны қолға түсіргеннен кейін ғана оның жеке басын куәландыратын үш құжаты бар екендігі белгілі болған және де олардың әрқайсысында туған жылдары мен туған жері әртүрлі жазылған",- деді Түріксіб АПБ бастығы полиция полковнигі Марат Жексенбеков.

Полиция полковнигінің айтуынша, жігітті "Мамыр" ықшамауданында жалдап тұрып жатқан пәтерінен ұстаған. "Ол баспананы бөтен адамдардың ақшасы есебінен айына 1 АҚШ долларына жалдап тұрып жатқан. Сондықтан да, алаяқтық жолмен тапқан ақшадан ештеңе қалмағандығы таң қаларлық емес. Жауап алу кезінде ол осы ақшаларды күнделікті жұмсап жібергендігін айтқан".

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдын ала тергеу кезінде полицейлер тағы бір жәбірленушіні - Талғар қаласының тұрғынын іздеп тапқан, алаяқ несие алуға көмек көрсеткені үшін жәбірленушіден "Субару" маркалы көлікті алып қойған.

"Бүгінгі күнде ұсталған күдіктінің тек Түріксіб ауданы бойынша төрт алаяқтық дерекке қатысы бар екендігі дәлелденген. Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіштің айтарлықтай өсетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да ол туралы мәліметтер барлық аудандық ішкі істер басқармаларына жіберілген. Күдіктінің іс-әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177-бабында қарастырылған (алаяқтық). Алаяқ қамауға алынды",- деп қорытындылады өз сөзін М. Жексенбеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны