21.07.2008, 12:18 1281

Алматыда тағы бір жалған тәртіп сақшысы ұсталды

Алматыда тағы бір жалған тәртіп сақшысы ұсталды

Алматы. 21 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда жол полициясының қызметкерлері тағы бір жалған тәртіп сақшысын ұстады, деп хабарлайды агенттік тілшісі қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жол полициясының қызметкерлері жүргізушісі жол жүру ережесін бұзған "Тойота Ланд Крузер Прадо" көлігін тоқтатқан. "Тәртіп сақшыларының құжат көрсету жөніндегі өтінішіне жүргізуші қалалық ІІД-нің оперативтік уәкілі екенін айтып қоңыр "корочканы" көрсеткен", -деп хабарлайды полицейлер.

"Куәліктің жасанды екенін бірден байқауға болады, шрифт мөлшері сай келмейді, таңбасы өшкін. Қазір құжатты сот сараптамасы орталығы тексеріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша құжаттың жалғандығы жайлы сеніммен сөз қозғауға болады", -деді Түріксіб АІІБ бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Мошкалов.

Ұсталғанның айтуынша, полиция қызметкері деген жалған куәлікті ол 100 долларға сатып алған. Сауда қаланың орталығында болыпты. Қару-жарақ сататын дүкеннен шыққан кезде оған ұсыныс жасаған бір жігіт полиция қызметкерінің жалған куәлігін бір күнде жасап бере алатынын айтқан.

"Қазір жалған құжат жасаушының аты-жөні анықталу үстінде. Ал ұсталғанның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 325-бабының 3- тармағы ("Көрінеу жалған құжатты пайдалану") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Н. Мошкалов.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл полиция қызметкері деген жалған куәлікті пайдалануға қатысты айдың басынан бергі төртінші дерек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны