25.12.2007, 18:37 3046

Алматыда ұйымдасқан қылмыс жойылды - ІІД төрағасының орынбасары

Алматыда ұйымдасқан қылмыс жойылды - ІІД төрағасының орынбасары

Алматы. 25-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда ұйымдасқан қылмыс жойылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Алматы қаласының Ішкі істер департаменті төрағасының бірінші орынбасары полиция полковнигі Амантай Иубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Алматыда ұйымдасқан қылмыс жойылды. Бұған осы жылғы мәліметтер куә: Ішкі істер департаментінің тізімінде тұрған барлық ұйымдасқан қылмыстық топтар өздерінің қылмыстық әрекеттерін тоқтатты. Олардың аздаған бөліктері ғана қалды",- деп хабарлады Амантай Иубәкіров.

Оның айтуынша, қылмыстардың алдын алу мақсатында Алматының полицейлері тұрақты негізде "Тәртіп және құқық", "Қару", "Іздеу" және басқа да кең көлемдегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп тұрады. Полковник Амантай Иубәкіров осы іс-шаралардың арқасында қаладағы жедел ахуалдың тұрақтанғандығын атап өтті.

Полицейлердің хабарлауынша, қалада пәтер ұрыларының тобы әшкерленіп, кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысатын қылмыстық топ құрықталған.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлерге, ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірінің үш мүшесі әлдебір кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалағандығы белгілі болған. Қылмыскерлерді ұстауға қатысты шараны ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері арнайы шұғыл әрекет ету отрядының сарбаздарымен бірлесе отырып жүргізген. Амантай Иубәкіровтың хабарлауынша, "қылмыскерді ұстау барысында тәркіленген белгі қойылған ақшалар мен бопсалаушылардың өз құрбанымен телефон арқылы сөйлескен сөздері осы қылмыстық істі тергеудегі айтарлықтай дәлелдеме базасы болып табылады".

Жәбірленушінің айтуынша, бопсалаушылар өз талаптарын орындамаған жағдайда оның отбасы мүшелеріне зәбір көрсетеміз деп қорқытқан. "Бұл азап апталап созылған. Олар маған күнде келіп, күш көрсетіп қорқытты. Сондықтан да мен ішкі істер органдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым",- деп атап өтті кәсіпкер өз мәлімдемесінде.

"Ұсталған үш қылмыскердің ұйымдасқан қылмыстық топтың біріне мүшелері екендіктері дәлелденді. Бопсалаушылардың артында көптеген қылмыстар жатыр, оны ішкі істер департаментінде құрылған жедел-тергеу тобы дәлелдейтін болады. Алматыда жыл басынан бері барлығы 30 бопсалаушылық дерегі тіркеліп, 20 қылмыстық іс сотқа жіберілген",- деп хабарлады Ішкі істер департаментінің өкілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны