30.07.2007, 11:57 2578

Алматыда жарты жыл ішінде 500-ден астам өрт шыққан, олардан келген материалдық шығын 30 млн-ға жуық теңгені құрап отыр

АЛМАТЫ. 30 - шілде. Kazakhstan Today. Алматыда жарты жыл ішінде 500-ден астам өрт шыққан, олардан келген материалдық шығын 30 млн 598 мың теңгені құрап отыр. Бұл туралы жұмада баспасөз мәслихатында Алматы қаласының азаматтық қорғаныс, мобилизациялық дайындық, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі департамент директоры Бауыржан Ысқақов мәлім етті, хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Алматыда жарты жыл ішінде 523 өрт шыққан, олардан келген материалдық шығын 30 млн 598 мың теңгені құраған, тілсіз жаудан 20 адам қайтыс болып, 29 адам әртүрлі деңгейдегі жарақаттар алған",- деп хабарлады Бауыржан Ысқақов. "295 өрт тұрғын үйде, 12 қойма ғимараттарында, 28 өрт әкімшілік-қоғамдық мекемелерде, 27 құрылыс нысандарында және 37 сауда кәсіпоырндарында болған",-деді Бауыржан Ысқақов.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласының өрт сөндіру қызметінің департаменті бастығының орынбасары Болат Абайдильдинов өз кезегінде, өртке негізгі себеп болатын "аумақтың және базарлар мен сауда алаңдарының қызметтік ғимараттарындағы, сонымен қатар қаланың денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру нысандарының, тұрғын үй секторының инженерлік-техникалық ахуалының қанағаттанарлықсыздығы" екендігін атап өтті. "Өрт зардаптарын жоюға байланысты апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бүгінде Алматының резервінен әкім 50 млн теңгеден астам қаржы бөлді",- деп атап өтті Болат Абайдильдинов.

Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында Алматының әкімі "Алматы қаласында 2007 жылдың көктемгі-жазғы маусымдарында өрт қауіпсіздігін күшейту туралы" қаулысы қабылданған. Сондай-ақ "бір апта бұрын Өрт сөндіру қызметі департаментінің директоры О. Накесов осы саладағы іс-қызметті нашарлатқандығы үшін қызметінен босатылды", деп түсіндірді Болат Абайдильдинов.

Сонымен қатар, Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, инженерлік-инспекторлық құрам 27 859 нысанға өрт-техникалық тексеру жүргізіп, 169 мың 174 өрт қауіпсіздік ережесін бұзу дерегін анықтаған. 2266 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы сомасы 16 млн 868 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында өрт қауіпсізідігінің ережесін бұзғаны үшін 87 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза қолданылып, 917 280 теңге көлемінде айыппұл салынған. Алматының арнаулы ауданаралық экономикалық сотына 431 шағым арызы берілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны