10.10.2006, 12:37 3172

Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға қатаң шара қолданылатын болады - полиция

АЛМАТЫ. 10-қазан. Kazakhstan Today. Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға қатаң шара қолданылатын болады. Қалалық ІІД-нің бастығы Ерлан Тұрғымбаев жол полициясы басқармасына осындай тапсырма берді.

"Алматы қалалық ІІД-нің басшылығы қаладағы жолдарда қалыптасқан ахуалға айрықша алаңдаушылық білдіреді. Осыған байланысты қалалық ІІД-нің бастығы Ерлан Тұрғымбаев жол полициясы басқармасына жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға, соның ішінде әрсіресе мас күйінде көлік айдағандарға ең қатаң шаралар қолдануды тапсырды",- деп хабарлайды ІІД-нің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 9 айында Алматыда 2009 жол апаты болып, 160 адам қаза тапты. 2237 адам, соның ішінде 16 жасқа дейінгі 328 бала жараланды. Мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кінәсіне байланысты жыл басынан бері 35 апат шықты.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тек өткен демалыс күндері қалада 132 мас жүргізуші ұсталды. "Өткен демалыс күндері ІІД жол полициясы басқармасының қызметкерлері толық құрамда күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Қалада көлікті мас күйінде айдайтын адамдарды анықтау үшін профилактикалық ескерту шарасы өткізілді",- деп хабарлайды баспасөз қызметі. Мұндай шаралар ендігі жерде тұрақты өткізіліп тұрады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны