11.06.2009, 16:45 3548

Алматыдағы заңсыз ойын бизнесіндегі ай сайынғы ақша айналымы 10 миллиард теңге немесе 70 миллион АҚШ долларын құрайды - ІІМ

Алматыдағы заңсыз ойын бизнесіндегі ай сайынғы ақша айналымы 10 миллиард теңге немесе 70 миллион АҚШ долларын құрайды - ІІМ

Астана. 11 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Есеп бойынша Алматы қаласының аумағындағы заңсыз ойын бизнесіндегі ай сайынғы ақша айналымы 10 миллиард теңге немесе 70 миллион АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап.

"Астыртын ойын мекемелері аса құпия жағдайда бүркемелене жұмыс істейді, олардың өз қауіпсіздік қызметтері бар. Мысалы, астыртын ойынханаға ойнауға келу үшін, оларда сенімді ойнаушылардан ұсыныстары болу керек. Мекеменің қауіпсіздік қызметі қосымша тексеру жүргізгеннен кейін оған ұялы телефонның нөмірін береді. Ол телефон арқылы қай уақытта, қай жерге келуі туралы нұсқау алады",- делінген хабарламада.

ІІМ ақпаратына сәйкес, "Ойын бизнесінің міндетті қауіпсіздік талаптарының бірі - казино немесе ойын аппараттарының залында жиналған ақшаны жүйелі түрде инкассациялау. Орта есеппен алғанда, ақша көлемі 500 айлық есеп көресткішіне жеткенде инкассация жүргізіліп отырады, күніне ол 4-5 рет жүргізіледі. Бұл шара тексеріс барысында ойын ұйымдастырушылары Қазақстан республикасы ҚК 190-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша жауапкершілікке тартылмауы үшін жасалады.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылары қабылдайтын осындай қауіпсіздік шаралары осы бизнестегі ауқымды кірісті ақтайды".

Ішкі істер органдары ағымдағы жылдың 5-8 маусымы аралығында Алматы қаласында криминогендік ахуалды сауықтыру, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландырудың жолын кесу, заңсыз ойын-сауық мекемелері мен астыртын ойынханаларды анықтау бойынша мақсатты операциялар өткізді.

Өткізілген іс-шаралар барысында "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы (2009 жылғы 4 мамырда толықтырулар мен өзгертулер енгізілді) заңының талаптарын бұза отырып, ойын бизнесі саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысқан 15 мекеме анықталып, жабылды.

Тексеріс барысында көрсетілген мекемелер 522 ойын автоматын, 27 электронды рулетка және 15 процессор пайдаланған. Сонымен қатар 2,7 миллион теңге және 400 АҚШ доллары (аталған мекемелерде инкассация тәулігіне 4-5 рет жүргізілетіні анықталды) тәркіленді.

Бұл ретте, барлық анықталған ойын-сауық мекемелерінде ойын және ұтыс бойынша төлем ақшамен жүзеге асырылған. Бұл факт келушілердің көрсетулерімен расталған.

Барлық тіркелген материалдар бойынша ІІМ-нің Тергеу комитеті тексеріс жүргізуде.

Операция кезінде заңсыз жұмыс істеген барлығы 146 ойын мекемесі анықталды, олардың көбісі тұрғын үйлерде немесе коммуналдық нысандарда орналасқан.

Республика аумағында заңсыз жұмыс істейтін ойынханаларды анықтау жұмыстары жалғасуда және министрліктің ерекше бақылауына алынған, деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны