06.06.2012, 15:03 4283

"Арқанкерген" шекара бекетіндегі соңғы шекарашы тірі боп шықты

"Арқанкергендегі" қайғылы оқиғадан соң із-түссіз жоғалып кеткен 15-ші шекарашы табылды. Бұл шекара бекетіндегі қанды қырғыннан тірі қалған жалғыз сарбаз. Қатты шошынып қалған ол алты тәуліктен бері тау арасындағы қыстаулардың бірінде жасырынып отырған. Жауынгерден марқұм болған застава командирінің тапаншасы да табылды. Қазір одан тергеушілер жауап алып жатыр.

Астана. 6-маусым. Kazakhstan Today - "Арқанкерген" шекара бекетіндегі соңғы шекарашы тірі боп шықты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Арқанкергендегі" қайғылы оқиғадан соң із-түссіз жоғалып кеткен 15-ші шекарашы табылды. Бұл шекара бекетіндегі қанды қырғыннан тірі қалған жалғыз сарбаз. Қатты шошынып қалған ол алты тәуліктен бері тау арасындағы қыстаулардың бірінде жасырынып отырған. Жауынгерден марқұм болған застава командирінің тапаншасы да табылды. Қазір одан тергеушілер жауап алып жатыр.

Оның айтқаны - қазақ-қытай шекарасында шын мәнінде не сұмдықтың болғанын анықтауға көмектесуі тиіс. Ал араға бір апта салып табылған жас жігіт Үшаралға Қарағанды қаласынан отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған болып шықты.

Ұшты-күйлі жоғалып, арада алты тәулік өткенде тірі табылған сарбаздың анасының көзі жасы көл болды. 19 жастағы ұлы Владислав Челах Отан алдындағы борышын өтеу үшін жарты жыл бұрын Үшаралдағы шекара бөліміне алынған. Жақында әскерде жүрген баласына соқырішегін алу үшін операция да жасалыпты. Сырқатына байланысты оған әскери бөлім басшылығы тынығып қайтуға үйіне жіберетінін де айтқан. Бұл қуанышты хабарды естіртуге Владислав анасына таяуда ғана қоңырау да шалыпты.

Қазір тірі қалған жалғыз куәгерден тергеушілер жауап алып жатыр. Оның "Арқанкергендегі" сойқанға қатысты не айтқаны әзірге барынша құпия ұсталуда. Анығы, іздестіру кезінде қарағандылық сарбаз шекара бекетіне жақын жердегі қыстаулардың бірінде жасырынып жатқан жерінде табылған. Сол сәтте әскери емес, азаматтық киімде болыпты.

Ішкі Істер Министрі қанды оқиғаға әскерилер арасындағы кикілжің себеп болуы мүмкін деген жорамалын да айтып қалды.

Ал тәуелсіздік тарихында бұрын соңды болмаған сұмдыққа қатысты бүгін елімізде қаралы күн жарияланды. Астанада да мемлекеттік ту бір тәулікке төмен түсірілді. Телеарналардағы ойын сауық бағдарламалары сондай-ақ, жарнама беру де тоқтатылды. Үкіметтің бүгінгі отырсы да шейіт болған шекарашыларды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Мәжіліс депутататары қайғыдан қан жұтқан сарбаздардың отбасыларына бір күндік жалақыларын аударды.

Бірақ "Арқанкергендегі" қанды қырғынға қатысты беймәлім жайттар әлі көп. Құзырлы органдар жақын арада қайғылы оқиғаның нақты себеп-салдарын айтуға уәде етіп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны