26.06.2019, 23:30 9395

Арыс қаласы толық қалпына келеді - Шөкеев

"Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді",- деді ол.

Нұр-Сұлтан. 26 маусым. Kazakhstan Today - Бүгін Түркістан облысы, Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен баспасөз-мәслихаты өткізілді. Жиынға облыс әкімімен қатар "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ТЖД өкілі, Қазақстан Республикасының Бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин, облыс прокуроры, аймақтық ветеринарлық инспеция өкілі қатысты. Өңір басшысы елді мазалаған өткір әрі өзекті сұрақтарға жауап беріп, Арыстағы жағдай тұрақталып, қауіптің беті сейілгенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет, облыс әкімдігі, ішкі істер департаментінің өкілдері тарапынан Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өрт толық сөндіріліп, көшелер мен үйлер тексеруден өткен.

"Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларына келтірілген шығындар бойынша бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасайды. Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз", -деді Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ Арысқа арнайы келген "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев апатқа қатысты өз ойын білдіріп, республика бойынша ашылған гуманитаралық көмек туралы айтып өтті. "Бүгінгі таңда 9 облыстан гуманитарлық көмек жеткізілді. Барлық облыстарда Арыс қаласына көмек беру бөлімдері ашылды. Бұл - қазақстандықтардың арыстықтарға көрсетіліп жатқан қайырымдылық шарасы. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын жеткізуге мұрындық боламыз", - деді.

Айта кетсек, Арыстағы төтенше жағдайдың шығыны мен зардабын жою үшін облыс әкімдігі тарапынан арнайы қор құрылды. Қазірдің өзінде бұл қорға 200 млн. теңгеден астам қаржы жиналып үлгерді. Өңірлерден гуманитарлық көмектер де жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта шығындар көлемі анықталған соң нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталады.

АРЫСТА ӨРТ ТОЛЫҚ СӨНДІРІЛДІ

Бүгін Түркістан облысында құрылған жедел штабта Арыстағы төтенше жағдайдан кейінгі атқарылған жұмыстар және қаланың қазіргі жай-күйі жөнінде баспасөз мәслихаты өткізілді. Өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев Арыс қаласында өрт сөндірілгенін мәлімдеді.

"Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Біздің сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс", - деді ол.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қауіп бұлты сейілгенін, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

"Кейбір ақпарат құралдарында адамдар із-түссіз жоғалды деген ақпарат тарады. Бұл негізсіз екенін мәлімдеймін. Бастапқыда көшу барысында тұрғындар бір-біріне хабарласа алмай, қиындықтар кездескен болатын. Қазір ол мәселе шешіліп, туыстар да, балалар да табылып жатыр. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі ірі жарылыс болатыны, суқоймалардан су жіберілетіні туралы қауесеттер де жалған. Қазіргі таңда облыстағы суқоймалар тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және ол жұмыс режимін өзгерту туралы жоспар жоқ. Сондықтан ресми расталған деректерге ғана сенулеріңізді сұранамыз", - деді ол.

Ал еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Арыс қаласында радиация жоқ екенін айтты.

"Ең бірінші біздің мамандар Арыс қаласында дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланады. Қаладағы ауызсу жүйесі қатаң қадағаланады. Су құрамы, құбырлар тексеріледі. Эвакуациялық орындарда да мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты", - деді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында ветеринар мамандар Арыстағы үй ауласында қалған төрт түлік бойынша жұмыс жүргізетіні айтылды. Өлген мал залалсыздандырылып, заңға сәйкес өтемақы беру жолдары қарастырылады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы үш күнде эвакуациялық қабылдау орталықтарының жұмысы күшейтіліп, гуманитарлық көмек беру шарасы жалғасатынына тоқталды. Осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға алғысын айта келе Арыс қаласындағы нысандар қалпына келтіріліп, тұрғындардың жағдайы жасалатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны