24.07.2012, 10:05 3097

АШМ шаруа қожалықтарын қолдау шараларының кешенін әзірледі

Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрғақшылық салдарының алдын алу мақсатында отандық дихандарға қолдау көрсету шаралары қаралды.

Астана. 24-шілде. Kazakhstan Today - АШМ шаруа қожалықтарын қолдау шараларының кешенін әзірледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрғақшылық салдарының алдын алу мақсатында отандық дихандарға қолдау көрсету шаралары қаралды.

Кеше Елбасы Үкіметке астық жинау науқанын өткізуге уақтылы дайындалу және қолайсыз ауа райы жағдайынан зардап шеккен отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қажетті көмекті көрсету бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

Биыл Қазақстанның жекелеген өңірлерінде құрғақшылық ауа райы сақталуда және осы жағдай астықтың шығымына теріс әсерін тигізуде. Құрғақшылықтың негізгі ошағы Қостанай мен Ақмола облыстарының оңтүстік аудандарында, Қарағанды облысының батыс және оңтүстік аудандарында , Ақтөбе облысының оңтүстік және шығыс аудандарында орын алған.

Ауыл шаруашылығының ақпараты бойынша, бүгінде республикадағы егістіктің 33 пайызы - жақсы, 55 пайызы - қанағаттанарлық жағдайда, 12 пайызы - нашар жағдайда, 94 мың гектардың егіні күйіп кетті. Құрғақшылықтан, әсіресе, Қостанай облысы қатты зардап шегіп отыр, ондағы егістік алқаптарының тек 18 пайызы ғана аман.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі жеті іс-шарадан тұратын шаралар кешенін қабылдауды ұсынуда.

Біріншіден, 1 тамыздан бастап астық экспорттаушылардың тасымал шығындарын субсидиялауды тоқтату керек, қазіргі таңда бұл шара экономикалық тұрғыдан мақсатсыз.

Екіншіден. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыстар мен Астана және Алматы әкімдіктерінің, "ҚазАгро" АҚ мен Диірменшілер одағының арасында жасалған меморандумдарға сәйкес, 2012 жылдың 1 тамызынан 2013 жылдың 1 тамызына дейін диірмендерге 28 мың теңге/ тонна бекітілген бағамен 1,3 млн. тонна астық жеткізуді қамтамасыз ету керек.

Айта кету керек, құрғақшылыққа байланысты астықтың қозғалы схемасын өзгерту қарастырылуда: астық құрғақшылыққа аз бейім өңірлерде орналасқан астық қабылдау пункттерінен, яғни Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Ақмола облыстарының солтүстік аудандарындағы элеваторлардан жеткізілетін болады.

Үшінші шара - дихандардың несиелерін ұзарту.

Төртінші шара - мал және құс шаруашылықтарын жем-шөппен қамтамасыз ету, ол үшін шаруалардың қолдарындағы ірі қара малдарды ұстаудың шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 1,8 млрд. теңге бөлу қажет.

Бесінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі сондай-ақ қамсыздандырылған егістіктер бойынша сақтандырушы компаниялардың дихандардың мүдделеріне қысым жасауларына жол бермеу шараларын қабылдамақ.

Алтыншы шара - 2013 жылғы астықтың есебінен дихандарды тұқымдықпен қамтамасыз ету.

Жетінші шара - құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп даярлауға арзан бағамен дизель отынын қосымша бөлу, жем-шөп үшін біржылдық шөптер мен дақылдар қоспасын себу.

Аталған шаралар құрғақшылық салдарларының алдын алуға, еліміздің өңірлерін астықпен және мал шаруашылықтарын жем-шөппен қамтамасыз етуге, нан мен ұн бағаларының өсуіне жол бермеуге бағытталып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны