20.04.2015, 21:51 4060

Астана әкімдігі алғашқы 88 жер телімін сатылымға шығарады

Бүгін Астана әкімі Иділбек Жақсыбеков кезекті аппараттық кеӊес өткізді. Жиын барысында қаланыӊ түйткілді мәселелері қарастырылды, атап айтқанда, "Біз таза қаланы қолдаймыз!" экологиялық айлығын өткізу мен алдағы маӊызды оқиғаларға дайындық барысы сөз болды

Астана. 20 сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Астана әкімі Иділбек Жақсыбеков кезекті аппараттық кеӊес өткізді. Жиын барысында қаланыӊ түйткілді мәселелері қарастырылды, атап айтқанда, "Біз таза қаланы қолдаймыз!" экологиялық айлығын өткізу мен алдағы маӊызды оқиғаларға дайындық барысы сөз болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Кеӊес барысында әкім шағын және орта бизнесті дамыту үшін жер телімдерін ұсынуды ұйымдастыру және бұл жұмыстыӊ тазалығы мәселесіне тоқталып өтті, деп хабарлайды astana.gov.kz тілшісі.

- Біз бәссаудаға қойылатын алғашқы 88 жер телімін анықтап қойдық. Олардыӊ сипаттамасы, орны және сатылымға қатысу ережелерімен қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасыныӊ сайтында танысуға болады, - деді әкім. Қала тұрғындарына бұл ақпаратты барынша түсінікті етіп жеткізу керек. Сонымен қатар, әр түрлі бұрмалауларға жол бермеу керек.

Осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында жер телімдері ұзақ уақытқа жалға берілетін болады, ал, егер олар игерілмейтін болса, мемлекет оны қайтарып алып, қайта бәссаудаға қоюға құқылы. Сатылымдар әр апта сайын өткізіледі.

Су тасқынына қарсы шараларды айта келе, әкім кешенді жоспар аясында жасалып жатқан жұмыс бақылауда екенін атап өтті. Қалалық құрылымдардыӊ жақсы жұмысыныӊ арқасында Ильинка кенті су тасқынынан аман қалды. Қалада су басу мен төтенше жағдайларға жол бермеу үшін барлық шаралар қолданылуда.

Елорда әкімініӊ тапсырмасымен, қала тұрғындарыныӊ шағымдарына байланысты қала жолдарын шұғыл жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 116 мекен-жай бойынша жұмыстар атқарылды, қалған жолдар бойынша жөндеу жоспарлы тәртіпте жүргізіледі.

Өткен жалпықалалық сенбілік қорытындысын шығара келе әкім "Біз таза қаланы қолдаймыз!" экологиялық айлығы жалғасатынын еске салып, оныӊ аясында жасалуға тиіс жұмыстарды белгілеп берді.

- Айлық барысында қаланыӊ лас бөліктерін қамтып, қоқыстарды жою керек, - деді қала басшысы.

Сонымен бірге, әкім көпірлер мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, ғимараттарды қаптайтын материалдарды, маӊдайшаларды ауыстыру және басқа да жұмысқа назар аударды.

Алдағы маӊызды оқиғалар - ҚР Президентініӊ сайлауы, Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлау, Жеӊістіӊ 70 жылдығы секілді атаулы күндерге қаланы дайындау жұмыстарына ерекше тоқталып өтті.

- Астана елорда ретінде барлық жағынан үлгі болуы тиіс. Алда жоғары деӊгейде өткізілуі тиіс бірқатар шаралар бар. Жауапты органдарға алдағы шаралардыӊ тиісті деӊгейде өтуін ұйымдастыру бойынша шара қолдануды тапсырамын, - деп қорытындылады әкім.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны