11.02.2019, 19:49 10863

Астана әкімдігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, көпбалалы аналардың өтініштері қарастырылуда

"Біз көпбалалы отбасыларға қосымша пәтерлер салу үшін қаражат қарастырып жатырмыз. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жылына осындай отбасылар үшін жалға берілетін 700 пәтер салынса, енді олардың санын екі-үш есе арттыру керек. Бұл ұсынысты біздің министрліктің атынан үкіметке енгіземіз" деді Жеңіс Қасымбек.

Астана. 11 ақпан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет жанынан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шараларын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жуырда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев табысы аз азаматтарды қолдау бойынша тиісті тетіктерді әзірлеп, баспанасы жоқ адамдарға "7-20-25" бағдарламасы арқылы қарыз беріп, оларды тұрғын үймен қамтуға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын.

Бір отбасынан бес баланың өмірін өрт жалмаған жағдай қайталанбау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керектігін президент тапсырған болатын. Осы аптада Үкіметтің жанынан ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық ететін бұл топтың құрамына "Нұр Отан" партиясының, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді. Комиссия жұмысына бейінді ҮЕҰ, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері де тартылған. Жұмыс тобы екі ай ішінде мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға жалға берілетін баспаналар салуды ұсынды. Ол үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Астанада болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, осындай мәлімдеме жасады.

"Біз көпбалалы отбасыларға қосымша пәтерлер салу үшін қаражат қарастырып жатырмыз. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жылына осындай отбасылар үшін жалға берілетін 700 пәтер салынса, енді олардың санын екі-үш есе арттыру керек. Бұл ұсынысты біздің министрліктің атынан үкіметке енгіземіз" деді Жеңіс Қасымбек.

Еске салайық, 6 ақпанда "Астана" концерт залына көпбалалы аналар жиналып, өздерінің әлеуметтік мәселелерін көтерген болатын. Тұрғындарды қала әкімінің орынбасарлары Ермек Аманшаев пен Асқар Әмрин, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Білім және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қабылдады. Кездесу барысында пікір білдірушілер тарапынан тұрмыс жағдайларын жақсартуға қатысты түрлі өтініштер айтылды. Қазіргі таңда Астана әкімдігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, көпбалалы аналардың өтініштері қарастырылуда. Осы жұмыс аясында мобильді топ құрылды. Мобильді топтың өкілдері көпбалалы аналардың тұрғылықты жерлерін аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Оның нәтижесінде аудан әкімдіктері көпбалалы отбасыларға көмек көрсету тетіктерін қарауда. Алдағы уақытта Астана қаласы әкімдігіне өтініш қалдырған аналармен қала басшысы кездеседі деп күтілуде. Аналардың тұрмыстық мәселелерінің уақытында шешілуі үшін құзырлы органдар барлық тиісті шараларды қолданатын болады. Әр мәселе бойынша Жол картасы әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілмек.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны