28.04.2009, 16:45 3002

Астанада 11 жасар баланы ұрлап алып, өлтірген қылмыскер 23 жылға бас бостандығынан айрылды

Астанада 11 жасар баланы ұрлап алып, өлтірген қылмыскер 23 жылға бас бостандығынан айрылды

Астана. 28 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Астанада 11 жасар баланы өлтіріп, әкесінен 100 мың доллар ақша талап еткен қаныпезер 23 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті төрағасының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Ж.Битеновтың айтуынша, "1997 жылы туған Құтбидин Ұлықбекұлын өлтіріп, әкесінен 100 мың доллар ақша талап еткен Марат Серікболатқа Сарыарқа аудандық соты қатаң тәртіптегі абақтыда 23 жыл бойы жазасын өтеуге үкім шығарды".

Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне қарағанда, Марат Серікболат өткен жылдың 11-желтоқсанында 1997 жылы туған Құтбидин Ұлықбекұлын алдап, көлігіне мінгізіп, белгісіз бағытқа алып кетеді. Алғашында өзі мінген көлік иесінен еш күдіктенбеген жасөспірім оның шын ниетін сезген соң көліктен шығып қашпақ болады. Алайда қылмыскер оны көліктің қауіпсіздік белбеуімен буындырып өлтіреді. Осыдан соң қылмыскер баланы қаланың сыртына апарып тығып тастайды. Бұдан әрі ол баланың әкесіне телефон шалып, баласын көргісі келсе, 100 мың АҚШ долларын алып келу қажеттігін айтады. Қылмыскер өзі талап еткен ақшаны алу барысында тәртіп сақшыларының қолына түседі. Тергеу барысында мәлім болғанындай, қылмыскер мұндай әрекетке өзінің ағасымен бірге сауда жасайтын азаматтың үй сатып алмақ болып жүргендігін және оған қаржысының да бар екендігін естіп, сол ақшаны иемдену мақсатында жасаған.

"Елорданың Сарыарқа аудандық соты Марат Серікболатты кінәлі деп тауып, оны 23 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болады", деді Ж.Битенов.

Астана қалалық ІІД қылмыскерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 125-ші бабы (кісі ұрлау), 96-шы бабы (қасақана кісі өлтіру), 181-ші бабы (ақша бопсалау) сияқты үш түрлі әрекет бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Марат Серікболат Монғолияда туған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны