06.01.2010, 15:27 3216

Астанада екі жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды - ІІД

Астанада екі жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды - ІІД

Астана. 6 қаңтар. Kazakhstan Today - Астанада екі жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекшісі Нұрділдә Ораз бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-шы бабы (көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы салдарынан абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды, тексеру жүргізіліп жатыр", - деді Н. Ораз.

Оның айтуынша, Астанада "2009 жылдың 28 желтоқсанында сағат 07.30-да Республика даңғылында "Тойота Ланд Крузер" көлігінің 1964 жылы туған жүргізушісі Ақмола облысының Малиновки ауылының 1956 және 1954 жылы туған екі тұрғынын қағып кетті". "Жүргіншілер Республика даңғылындағы жолды екі жолаққа бөлген қос сызықтың үстінде тұрған. Аталған оқыс оқиғаның салдарынан жүргіншілер сол жерде көз жұмды. Жүргізуші екі жүргіншіні қозғалыссыз тоқтап тұрған кезде соққан", - деді Н. Ораз.

Ол көліктің қандайбір мемлекеттік мекемеге тиесілі екендігі жайлы нақтылаған жоқ. "Біз бұл ақпаратты тексеріп жатырмыз және оны тергеу мүддесіне сай жариялай алмаймыз",- деді ол.

Бұдан бұрын да КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлағанымыздай, Қазақстанда желтоқсанның соңғы бірнеше күнінде бес адам үкіметтік нөмірі бар көліктердің қатысуымен болған жол апаттарынан қаза тапты.

Атап айтсақ, КТК-ның мәліметінше, 28 желтоқсанда "таңертең ерте бір жол апаты болды: 063 ADM мемлекеттік нөмірі бар, жол талғамайтын "Тойота Лэнд Крузер" көлігі Астананың орталық даңғылдарының бірінде екі медбикені қағып кеткен. Олар қаза тапты. Джиптің жүргізушісі ұсталды, қазір ол тергеу абақтысында отыр. Қылмыстық іс қозғалды, бірқатар сараптамалар тағайындалды", - делінген сюжетте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны