14.03.2007, 18:32 3082

Астанада қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкері пара алғандығы үшін тұтқындалды

АСТАНА. 14-наурыз. Kazakhstan Today. Астанада қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы пара алғандығы үшін тұтқындалды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Астана қаласының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің бастығы Абзал Кәрімов хабарлады.

"Үстіміздегі жылдың 13-нен 28-ші ақпанына дейін Астана қаласының қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы астаналық серіктестіктердің біріне мемлекеттік сатып алу туралы заңды сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізген",- деп түсіндірді А. Кәрімов. Қаржы полицейінің сөздеріне сүйенсек, басқарма қызметкері 1-наурызда ЖШС басшысына мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың заңды бұзу арқылы жүргізілгендігі туралы бақылау актісімен танысып, қол қоюға берген. "Сондай-ақ, ол акт қорытындысын өзгертіп, басқа актіге қол қоятындығын, бірақ оның ақысына 3 мың АҚШ долларын алатынын көрсеткен",- деп атап өтті А. Кәрімов.

Тергеу барысында белгілі болғандай, ЖШС директорының орынбасары мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты өткізу барысында ешқандай заң бұзушылықтың болмағандығына қарамастан, 2 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруге келіскен. "6-наурызда серіктестік өкілі Астана қаласының қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының ғимаратындағы кабинеттердің бірінде шенеунікке 250 мың теңге көлемінде пара берген, осыдан кейін бас маманды қаржы полициясының қызметкерлері қылмыс үстінде ұстады",- деді А. Кәрімов.

Аталмыш дерек бойынша Астана қаласының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаменті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 311-бабының 2-тармағы (пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғап, Астана қаласының қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы қамауға алынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны