31.01.2012, 12:29 21051

Астанада ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісі өтті

Алқа отырысына премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов қатысты. Мәжілісте ведомствоның өткен жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды және Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдағы міндеттер анықталды.

Астана. 31-қаңтар. Kazakhstan Today - Астанада ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, алқа отырысына премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов қатысты. Мәжілісте ведомствоның өткен жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды және Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдағы міндеттер анықталды.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мемлекеттік органдардың бұдан былайғы жұмысының негізгі бағыты болатынын атап көрсетті. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық өсуді және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етпейтін бюджет шығыстарын оңтайландыру туралы тапсырма берді.

ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, 2011 жылы республикалық бюджеттің кірісі 102,4 пайызға орындалды, жоспарланған 4346 млрд. теңгенің орнына 4451 млрд. теңге қаржы түсті.

2012 жылы бюджеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданады, шығыстар оңтайландырылады. Бүгінгі алқа мәжілісінде Қаржы министрі Болат Жәмішев атап көрсеткендей, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері сәйкес ұсыныстар енгізетін болады, бұл ұсыныстар өз кезегінде 2012 жылдың республикалық бюджетін нақтылауда және 2013-2015 жылдардың бюджетін қалыптастыруда ескерілмек.

Ағымдағы жылы "электрондық үкіметті" дамыту мақсатында Мемлекеттік мекемелермен электронды құжат айналымының "Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесі, сондай-ақ "Е-терезе" жүйесі пилоттық режимде іске қосылады, "Е-Қаржы министрлігі" ықпалдасқан автоматтық ақпараттық жүйесі құрылады.

Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру жұмысы жалғасын табады. Атап айтқанда, салықтық есептіліктер 30 пайызға қысқартылады.

Алқа мәжілісінде сондай-ақ стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алуларға тиімді бақылау жүргізу, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебі және қаржылық есептілігі жүйесін қайта құру, қаржылық мониторинг жүйесін дамыту және т.б. мәселелер қаралды.

"Қаржы министрлігінің алдында тұрған ең басты міндет Мемлекет басшысының Жолдауымен қойылған міндеттердің жүзеге асырылуын қаржылай қамтамасыз ету болып табылады. 2012 жылдың бюджетін нақтылағанда, сондай-ақ 2013-2014 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде шығыстарды оңтайландыруы және экономиканың өсуіне нақты оң әсерін тигізетін іс-шараларға қаражат қарастыруы қажет", - деп түйіндеді өз сөзін Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны