10.12.2012, 09:56 3053

Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі өтті

Бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Ибибуллаев ағымдағы аптада елімізде жоспарланып отырған ең маңызды шаралармен таныстырды.

Астана. 10-желтоқсан. Kazakhstan Today - Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Ибибуллаев ағымдағы аптада елімізде жоспарланып отырған ең маңызды шаралармен таныстырды.

А.Ибибуллаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай елордада Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар салтанатты шаралар жоспарланған.

Атап айтқанда, 13 желтоқсанда көрнекті саяси қайраткерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі жоспарланып отыр. Ол шарада сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар табыс етіледі.

Оған қоса, 19 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаев Мәскеуге ұшады. Онда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің отырысында халықаралық қауіпсіздік және ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланады.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қауымдастығы мемлекетаралық кеңесінің жұмысына қатысады.

Ағымдағы аптада сонымен бірге ҚР Үкіметінің отырысы жоспарланып отыр. Онда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданады, Жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындысы мен перспективасы талқыланады.

Және 12 желтоқсанда Премьер-Министр Серік Ахметов Қостанай облысына жұмыс сапарын жасайды. Үкімет басшысы сапар барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен таныспақ.

Және Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен "жасыл экономиканы" дамыту мәселелерімен айналысатын жұмыс тобының кеңесі жоспарлануда.

Ал вице-премьер Қырымбек Көшербаев Жамбыл облысына сапар жасап, оның барысында мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірдегі іске асырылу барысымен танысады.

Тағы бір айта кететін жайт, 14 желтоқсанда Мәскеуде ТМД Экономикалық кеңесінің 56-шы отырысы өтеді. Қазақстанның атынан Экономикалық ықпалдастық істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова қатысатын бұл кеңесте теміржол көлігінде келісілген тарифтік саясат орнату туралы ТМД елдері үкімет басшылары шешімдерінің орындалу барысы қаралады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны