16.05.2007, 15:34 3378

Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды, онда парламент Конституцияға енгізілетін түзетулердің жобасын алғашқы оқылымда талқылайды

АСТАНА. 16-мамыр. Kazakhstan Today. Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды, онда депутаттар "Қазақстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда талқылайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Отырысқа сенаттың 39, мәжілістің 70 депутаты қатысып отыр.

"Қажетті кворум қалыптасты",- деді отырысты ашқан мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов.

Отырыста президент әкімшілігі жетекшісінің оырнбасары Оңалсын Жұмабеков баяндама жасайды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформалардың бірі - президенттің өкілеттілігі мерзімін жеті жылдан бес жылға дейін қысқарту болмақ. Бұл норма 2012-жылдан кейін күшіне енеді деп күтілуде. Парламент депутаттарының жалпы саны 38 адамға артып, 154 болмақ. Сенат депутаттарының саны президенттік квотаны 7-ден 15-ке дейін арттыру есебінен көбейетін болды. Мәжіліс депутаттарының саны 30 адамға артып, 107-ке жетпек. 98 депутатты пропорционалдық жүйемен сайлау, 9 депутатқа Қазақстан халықтары ассамблеясының атынан өкілеттілік беру ұсынылған.

Қазақстандағы басқару нысаны президенттік болып қалғанымен, парламенттің өкілеттілігі біршама кеңеймек. Атап айтсақ, үкімет басшысын президент парламенттегі саяси партиялардың фракцияларымен ақылдаса келе, мәжіліс депутаттарының басым бөлігінің келісімінен кейін тағайындайды. Конституциялық кеңес құрамының үштен екісі, Орталық сайлау комиссиясы құрамының үштен екісі, Есеп комитеті құрамының үштен екісін парламент жасақтайтын болады

Сонымен бірге Конституциядан парламент депутаты қандайбір императивтік мандатпен байланысты емес деген норманы алып тастау ұсынылды.

Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқаруға қатысты бөліміне де өзгерістер енгізілмек. Атап айтсақ, мәслихат депутаттарының өкілеттілігі мерзімін төрттен бес жылға дейін арттыру және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Елордасының әкімдерін солардың келісімімен тағайындау ұсынылды.

Сонымен бірге президент Конституциядан қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттен қаржыландыруға тыйым салатын норманы алып, саяси партиялардың іс-қызметін жартылай республикалық бюджеттен қаржыландыруға бағытталған тәжірибелік тетіктерді ойластыру ұсынылды.

Сот-құқықтық реформа саласында тұтқындауға соттан санкция беру енгізілмек. Сонымен бірге Қазақстанда өлім жазасын іс жүзінде алып тастау туралы мәлімдеме жасалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны