02.12.2015, 10:05 3702

Астанада сарапшылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен оӊалту мәселелерін талқылады

Бүгін Астанада Халықаралық мүгедектер күніне арналған "Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеудіӊ және ықпалдастырудыӊ оӊалту технологиялары мен инновациялары" атты халықаралық конференция өтті

Астана. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Астанада Халықаралық мүгедектер күніне арналған "Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеудіӊ және ықпалдастырудыӊ оӊалту технологиялары мен инновациялары" атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасыныӊ, мүдделі мемлекеттік органдардыӊ, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ-ныӊ өкілдері қатысты.

Конференцияныӊ мақсаты - тәжірибе алмасу, жаӊа бағыттарды сараптау, мүгедектердіӊ құқығын қорғау мәселесі бойынша заӊнаманы жетілдірумен қатар ортақ ұсынымдарды қарастыру.

Сөз басында Светлана Жақыпова Қазақстанныӊ мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны ратификациялауы мүмкіндігі шектеулі азаматтардыӊ өмір сапасын жақсартуға ықпалдасатынын атап айтты. Осы мақсатта ҚР Үкіметі мүгедектердіӊ құқығы мен өмір сапасын жақсарту бойынша 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспарын қабылдап, оны кезеӊ-кезеӊімен жүзеге асырып келеді. Аталған жоспардыӊ негізгі бағыттарыныӊ бірі - арнайы және оӊалтуға бағытталған әлеуметтік қызметтердіӊ тиімділігін арттыру.

Конференция барысында ҚР ДСИДМ өкілдері ҚР-дағы мүгедек азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін ұсынды.

Шара аясында сарапшылардыӊ, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын өндірушілер мен жеткізушілердіӊ қатысуымен протездеу мен естуді протездеудіӊ стандарттарын жетілдіру және оларды өндірудіӊ жаӊа технологияларын енгізу; мүгедектерді оӊалту ісін техникалық құралдармен және тиісті қызметтермен қамтамасыз ету, сонымен қатар, қолжетімді ортаны қалыптастыру тақырыптарында секциялық отырыстар өтті.

Конференцияға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инфрақұрылым обьектілерін бейімдеу мәселелеріне ерекше көӊіл бөліп, сонымен қатар, инклюзивті білім беруді дамыту, мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз ету, олардыӊ өмір сапасын арттыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылы Қазақстан мүгедектердіӊ құқығы туралы Конвенцияны ратификациялап, мүгедектігі бар тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді қабылдады.

Конвенцияны ратификациялау республикада тұратын 627 мыӊ мүгедектерге, олардыӊ отбасыларына аталған санаттағы азаматтардыӊ конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жүзеге асыру бойынша қосымша кепілдік береді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны